Қазақстандық автордың кітабы британдық баспада жарияланды
Әлихан Жақсылық Ақтөбелік жас жазушы. Өзінің “Алты құрлық”, “Төрт мұхит”, "Нотр-Дамда Құлшылық жасау керек пе?" атты авторлық туындылары арқылы қалың оқырманға терең мағынаға толы ойлар мен танымды білім сыйлауда. Автор KazFace.kz берген сұқбатында шығармашылық жаңалықтары жайлы айтты. Теңіз асып, оқырмандарының санын шет елде арттырған жазушының ішкі сырын оқи отырыңыз.
Сіздің "Нотр-Дамда Құлшылық жасау керек пе?" кітабыңыз британдық Hertfordshire Press баспасында жарияланады дегенді естігенде қандай әсерде болдыңыз?
Қатты қуандым. Британияда басылу көптеген жазушының басына бұйыра бермейді ғой. Бұл жай ғана көрініс емес, бұл әлемге үн қату, әлем есігін қағу және тұтқасын ұстау. Өзіңді сыртта, басқа өркениеттер бәсекесінде көру және орныңды, деңгейіңді білу де жақсы. Ол ізденіске, ендігі жұмыстарға, жаңадан жазылатын кітаптар мен романдарға жақсы әсерін береді. Шет елдерде басылу, өз құндылықтарыңды әлемге айта алу, ол жақсы жаңалық деп ойлаймын. Сондықтан қуандық.
Лондонда және Ташкенттегі Еуразиялық шығармашылық апталығындағы кітабыңыздың тұсаукесері қалай өтті? Бұл оқиғалар сіз үшін несімен ерекше болды?
Лондондағы баспаның арнайы таныстырылымы қараша айында өтеді. Оған барып қатысуым керек. Ал редакторым Джон Фарндон таныстырған уақытында мен қатысқан жоқпын. Біз ол кезде кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасын Түркияның Стамбул қаласында Димаш Құдайбергеннің әлемнің түкпір түкпірінен жиналған жанкүйерлеріне таныстырып жаттық. Аталған шараға Қанат Айтбаев ағамыз көмегін беріп, ықпал етті. Букер - 2025 халықаралық әдеби сыйлығына ұсыну жоспарланып, мұны баспа сайттарында жаза бастады. Бұл да жақсы әрі қуанышты жаңалық. Кітапты көптеген шараларда, фестивальдерде таныстырып жүрген редакторыма және баспагерлерге алғыс айтамын.
Сіз өзіңіздің кітабыңыздағы оқырмандарға қандай негізгі идея мен ойды жеткізуге тырыстыңыз? Қазақстанның қандай мәдени немесе тарихи аспектілерін көрсеткіңіз келді?
Романда мен Қазақстан туралы ештеңе айтып және жазған жоқпын. Қазақстанның тарихи-мәдени жақтарына басымдық бермедім. Себебі идеялогиялық шығармалар дәуірі емес, қазір идеялардың дәуірі. Сондықтан мен романда қазақ, қырғыз, өзбек, қытай деп ұлттарға бөліп жазбадым, жалпы адам туралы, адамзат ьуралы толғандым. Қандай да бір ұлттың ерекшелігін, сипатын айтып отырмадым. Адамның сезімі, сенімі, махаббаты және идеялары туралы қозғадым. Еркіндік атты құндылықтың шегі мен ерекшелігіне тоқталдым.
Кітапты ағылшын тіліне аудару және оны Ұлыбритания мен Орталық Азия елдерінде басып шығару сіздің жеке жұмысыңызды қабылдауды қалай өзгертті? Халықаралық аудиториядан қандай пікірлер алдыңыз?
Әлемдік нарықтың аты енді бәрібір өзгеше болады ғой. Кітап "Амазонға" сатылымға шықты. Қалай өтіп жатқаны туралы, қанша кітап жатқаны туралы баспа әзірге ақпарат айтпады. Дегенмен біз ол жаққа мүлде таныс емеспіз, әрі шет елден барып тұрған соң әзір ол жақта көптеген насихат керек. Одан соң тағы бір ойымыз Америка нарығына шығу, сол жақтан кітаптарымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітап насихатына да енді кірісіп жатырмыз, шет елдік оқырмандар да жақсы пікірлерін не роман туралы ойлары мен сындарын айта жатар. Әзірге ізденіп, жұмыстанып жүрміз.