Көкке өрлей алмаған Гүлнұр Оразымбетова
Шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Гүлнұр Оразымбетова жанды дауыста ән айтып, ұятқа қалған видеосы әлеуметтік желіде кең таралуда, деп хабарлайды KazFace.kz.
Видеода "Көкке өрле" атты әнін орындаған әншінің тынысы жетпей, орындау барысында қысылып қалады. Бұны көрген желі қолданушылары "Шетелдік қонақтардан ұят-ай", "Понограмма қоса салу керек еді ғой", "Ақша күшімен жүрген екен ғой", "Тыңдауға ұялдым", - деп жарыса жазған.
Желі қолданушылары бұл әннің плагиат екендігін де сынға алуда. Шын мәнісінде, әннің түпнұсқасы 2011 жылдың өзінде-ақ армян әншісі Сильва Акопянның орындауында жарыққа шыққан. Армянның халық әні “Sasna par”-ды қазақша мәтінмен алмастырған белгілі ақын Ринат Зайытов.
Осылайша шетелдік қонақтардың алдында сәтсіз орындау әншіні көкке өрлетпей, жермен жексен етті.
Дегенмен Гүлнұр Оразымбетова бұл видеоны мойындамай, өзінің нұсқасын парақшасына салып, пікір білдірді.
Менің дауысымнан шок болып, ұйықтай алмай жатқан оқырмандарым, кеш жарық. Өзімнің дауысымнан өзім шок болдым десем болады. Осындай мүмкіндік жасап берген азаматтар, сіздерге респект. Ең бастысы, мен сіздермен біргемін. Сіздер менімен біргесіздер. Бұл алдағы уақытта үлкен концерттерге жолдама деп ойлаймын. Күтіңіздер. Жанды дауыста жақсы дүниелерді өздеріңізге ұсынамын, - деп жазды әнші.
Осы орайда Гүлнұр Оразымбетованың өнерде жүрген еңбегі үшін "Қазақстанның құрметті азаматы" атағына ие болғанын айтпасқа болмайды. Мақтаған қызымыздың халықаралық деңгейдегі іс-шарада былай ұятты болуына не себеп? Әншілердің көбі фонограммамен ән айтып, көзбояушылыққа үйреніп кеткені ме? Әлде біреу-міреу әншіні аяқтан шалғысы келді ме екен?
Айта кету керек, биыл 1 қаңтардан бастап, ҚР мәдениет және спорт министрлігі әншілердің тек жанды дауыста өнер көрсетсін деген бұйрығы күшіне енді. Барлық мәдениет және білім беру мекемелерінде, концерттік шаралар мен мәдени жиындарда, театр, филормония, мұражай мен кітапхана ішінде фонограммамен ән айтуға тыйым салынды.
Кәмила НЫҒМЕТУЛЛА