Перизат ісі: Прокурорлар “отбасылық схеманы” әшкереледі

Астанада Перизат Қайратқа қатысты 3,5 миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекеттік айыптаушылардың айтуынша, бұл іс – жақсы ойластырылған және отбасылық деңгейде ұйымдастырылған алаяқтық әрекеттерінің нәтижесі.
Тергеу мәліметтері бойынша, Перизат Қайрат өз атына және анасының атына бірнеше банктік шот ашып, сол арқылы қаржылық операциялар жүргізген.
“Жалған түрде шетелде білім алған табысты кәсіпкер бейнесін қалыптастыру үшін, сондай-ақ қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыру мақсатында, Қайрат әлеуметтік желілерде 2016-2020 жылдары БAE-де тұрып, сол елге ет жеткізетін отбасылық бизнес жүргізгені туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратқан”, деді прокурорлар сот отырысында.
Айыпталушылардың бірі — жалған қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, «реабилитациялық орталық салу үшін» қаражат жинаған. Бұл мақсатта олар аукцион өткізген, оған танымал адамдар мен меценаттар тартылып, 21 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.
Алайда жиналған қаржы мұқтаж жандарға емес, жеке мақсатта жұмсалған.
“Ақшаға Gucci мен Tommy Hilfiger дүкендерінен киімдер сатып алынған, Fly Dubai әуе компаниясының билеттері төленген, такси, мейрамхана шығындарына 1,5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған”, — деді айыптаушылар.
Сот процесі әлі жалғасуда. Бұл іс тек қаржылық алаяқтықты ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік желілер арқылы сенімге кіріп, қоғамды алдаудың қаншалықты кең таралғанын көрсетіп отыр. Прокуратура бұл схеманы “отбасылық қылмыстық жүйе” деп атады.