Степногорск ЖЭО-да бір жұмысшы қаза тапты

Ақмола облысында Степногорск жылу электр орталығында төтенше жағдай тіркелді. Монтаждау жұмыстары кезінде кран ілмегінен құбырлардың байламы түсіп кетіп, бірнеше жұмысшыны басып қалған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға екінші қазандықта болған. Кран ілмегінен құлаған құбырлар алты жұмысшыны басып қалған. Олардың бірі өз күшімен сыртқа шығып үлгерсе, қалғандары құтқарушылардың көмегімен шығарылып, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, 2002 жылы туған ер адам алған жарақаттарының салдарынан қаза тапты.
Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен қайғылы жағдайға әкелген себептерді анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізуде. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады”, – деп хабарлады ведомство.
Бұл жағдай еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салды.