Талдықорғанда білім бөлімінің экс-басшысы өлі табылды
Талдықорғанда білім бөлімін басқарған Роза Барманованың денесі өзен жағасынан табылды, деп хабарлайды KazFace.kz Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Әйелдің мүрдесін жергілікті балықшылар тауып алған. Оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.
- Әйел адамның денесінде зорлық-зомдылық белгілері жоқ. Мүрде Қаратал өзенінің маңынан табылған. Аталған факті қалалық полицияға тіркелді. Қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалды, - делінген Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Роза Барманова 2016-2022 жылдар аралығында білім саласын басқарған. Одан кейін бұл қызметке Жандос Жолдыханов келген болатын. Жолдыханов 2023 жылдың 27 сәуірінде 280 миллион теңге пара алды деп ұсталған. Сонымен қоса, Барманованың тұсында қызмет еткен білім бөлімінің бас бухгалтері 1 млрд. теңге және 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен Лэнд Крузер маркалы көлік, зергерлік бұйымдарды жымқырып, шетелге қашпақ болған. Қазіргі таңда, аталған фактілері бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары Барманованың өлімі осы сыбайлас жемқорлықпен байланысты деп топшылап жазуда.