Белгілі жазушы Роза Мұқанова: “Тележүргізушілер міз бақпай шұбарлап сөйлейді”
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Роза Мұқанова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі тележүргізушілерді сынады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Ол телеарналар соңғы екі жылда мүлдем екі тілді араластыруды дәстүрге айналдырып алғанын айтады.
Телеарнада екі тілді араластырып, міз бақпай шұбарлап сөйлеуді дәстүрге айналдырған. Тіпті, Кеңестік заманда да эфирде шұбарлап сөйлеуге рұқсап етпейтін. Қазір телехабар жүргізушілері тілі жетпесе орыс тілінде ойын жеткізіп отыра береді, - дейді жазушы.
Осы орайда, Мұқанова бұл белеңсіздікке жол бермеу керек екенін айтады. Оның пікірінше, жүргізушілер сөз саптауы бойынша тәжірибеден өтуі тиіс.
Бұған жол беруге болмайды, бұл эфир мәдениетіне де үлкен сын. Жүргізуші қазақ тілінде сөз саптап әуелі үйренсін, тәжірибеден өтсін. Эфир ошақ басы емес, халықтың сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастырады. Осылай араластырып, әркім білгеніне салса жалпы сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетінен де біржола айырыламыз,- деп ұсыныс айтады.
Бұл жазбаны желі қолданушылары қолдап, оң пікірлерін жазды.
Өзін-өзі сыйласа жат жанынан түңілер". Біз өзімізді қадірлей алмай отырмыз. Бесігіңді түзеу - эфиріңді де түзе деген сөз! Бізге қылжақтап, ыржақтап, ырбақтап ана тілінде не айтып, не қойып отырғанын білмейтін жүргізушілерді шектеу керек, -деп қайырды жазбасын Мұқанова.
Айта кету керек, Роза Қажығалімқызы Мұқанова – қазақ жазушысы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.