Қоғам

Оралда «Балақайлар мектебі» жобасы таныстырылды

Оралда «Балақайлар мектебі» жобасы таныстырылды

Орал қаласындағы №52 жалпы білім беретін мектепте «Келешек мектептері» жобасы аясында «Балақайлар мектебі» тақырыбында баспасөз туры өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.

Іс-шара барысында педагогтар мен ата-аналар бастауыш сыныптарды жаңа форматта оқыту тәжірибесімен бөлісті. «Балақайлар мектебі» – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді бейімдеуге арналған маңызды жоба.

Мектеп директоры Самал Рахметуллинаның айтуынша, бүгінде білім ошағында 1480 оқушы бар. Биыл 1-сыныпқа 172 бала өтініш берген, олардың 156-сы арнайы дайындық курсына қатысуда. Бұл курс балалардың танымдық қабілеттерін арттырып, сөйлеу, жазу және шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Алдағы оқу жылында 1-сыныптарға 8 сынып-комплекті жасақталып отыр.

«Мектеп жаңа оқу жылына толық дайын», – деді Самал Рахметуллина.

Бастауыш сынып мұғалімдері жобаның балалардың ойлау қабілеті мен шығармашылығын жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Ал ата-аналар «Балақайлар мектебі» арқасында бүлдіршіндердің мектепке деген қызығушылығы артып, сенімділікпен білім алуға дайындалып жатқанын айтты.