Ұлттық рухты иллюстрация арқылы жеткізген суретші Айсұлу Алмасбаева

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ол суретші, иллюстратор, графикалық дизайнер. Елордада тұратын талант иесі Айсұлу Алмасбаева бүгінде АОО «Назарбаев Зияткерлік мектебі» жанындағы Білім беру бағдарламалар орталығында аға менеджер – суретші-дизайнер болып еңбек етеді. Оның еңбектері ұлттық мәдениетпен сабақтасып, көптеген оқулықтар мен балалар әдебиетінде жарық көрген. Айсұлу ханым шығармашылық жолы, жобалары мен болашақ жоспарлары туралы KazFace.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Сіз өнер жолыңызды кітап графикасынан бастадыңыз. Неліктен дәл осы тақырып дипломдық жұмысыңыз болды және ол кейінгі шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
Балалық шағымда әкем шетелге, әсіресе Ресейге көп баратын. Сол кезде елде жоқ комикстерді алып келетін. Алғашқы коллекциям – Диснейдің «Русалочкасы», «Аладдині», «Микки Маусы». Олар маған өте қымбат болатын, сондықтан жыртылып қалмасын деп мұқият қаптап сақтайтынмын. Қазір де сол кітаптар әке-шешемнің үйінде бар. Сурет пен кітапқа деген сүйіспеншілігім сол кезде басталды. Кейін Қазақстандық суретші Ағымсалы Дүзелхановтың иллюстрацияларын көріп, үлкен әсер алдым. Оның «Әліппедегі» суреттері балаларға арналған иллюстрацияның қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Сондықтан мен де осы жолды таңдадым. Анимация бізде қатты дамымағандықтан, оның «інісі» – иллюстрациямен айналысуды жөн көрдім.
«Қазақ халқының күй аңыздары» комиксі көпшіліктің назарын аударды. Оның идеясы қалай пайда болды?
Диплом жұмысымда да комикс салғанмын. Ол кезде планшет емес, тек мышкамен сурет салатынмын. Кейін магистратурада оқып жүргенде осы тақырыпты тереңдетіп, «білім берудегі комикстер» тақырыбын зерттедім. Музыка пәнін балаларға қызықты етіп жеткізу үшін көне күйлерді негізге алып, комикс құрастыру ойы келді. Солайша бұл жоба дүниеге келді.
Шығармашылығыңызда қазақ мәдениетінің мотивтері жиі кездеседі. Шабытты қайдан аласыз?
Маған ұлттық мифология, салт-дәстүр, көне мәдениет өте жақын. Тәңіршілдік, Ұмай ана бейнелері, дәстүрлі әңгімелер – бәрі шығармашылығыма арқау болады. Көбіне мұражайлардан, көрмелерден, халық жазушыларынан шабыт аламын. Әлем мәдениетін де зерттеймін, мысалы Жапония мен Корея өнері маған ерекше ұнайды. Бірақ ең басты шабыт – өзіміздің тамырымызда жатыр.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының» маскоттарын жасадыңыз. Бұл тәжірибеңіз туралы айтып өтсеңіз.
Бұл шығармашылық жолымдағы ерекше тәжірибе болды десем болады. Алғашқы нұсқада қыздың көйлегі қысқа болды, кейін ұйымдастырушылардың өтінішімен ұзарттық, садағын сөмкеге ауыстырдық. Бас киім де өзгертілді: сақ дәуіріндегі биік сәукеленің орнына тымақ пен бөрік үлгісін таңдадық. Нәтижесінде ұлттық нақыштағы жаңа образдар шықты. Кейбіреулер бұл маскоттарды шетелдіктер жасаған екен деп ойлапты. Бірақ оларды көргенде «өзіміздің суретшілер де осындай дүниелерді жасай алады екен» деп таң қалғандары қуантты.
Сіз шығармашылық қызметті білім беру саласындағы жұмыспен қатар алып жүрсіз. Бұл екі қырыңыз бір-біріне қалай әсер етеді?
Иллюстрация мен дизайндағы тәжірибемді оқулықтарда, балалар әдебиетінде қолданамын. Әр сурет – тәрбиенің бір бөлігі. Балалар оқулықтағы иллюстрация арқылы дүниені таниды, эстетикалық талғам қалыптастырады. Сондықтан жұмысым мен шығармашылығым бір-бірін толықтырады.
Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асырғыңыз келеді?
Көптеген авторлармен жұмыс істедім, бірақ енді өзім кітап жазып, соған иллюстрация жасағым келеді. Сондай арманым бар. Кез келген сурет адамның санасына әсер етеді. Мейлі ол оқулықта болсын, жарнамада болсын – көрген көз қабылдайды. Сондықтан әдемі суреттер арқылы біз өскелең ұрпақты тәрбиелейміз.
Жас суретшілер мен иллюстраторларға қандай кеңес берер едіңіз?
Қорықпаңдар дер едім. Бұрын суретші – аш жүреді деген түсінік болды. Қазір бәрі басқаша. Иллюстраторларға сұраныс жоғары. Әрине, жасанды интеллект бар, бірақ қолмен салынған суреттің орны бөлек. Өз стиліңді табуға ұмтылу керек. Әлемдік деңгейдегі көрмелерге қатысып, тәжірибе алмасқан сайын көзқарасың кеңейеді.
Айсұлу Алмасбаева ұлттық мәдениетке негізделген шығармалары арқылы қазақ иллюстрациясын жаңа деңгейге көтеріп жүрген суретші. Оның туындылары балалар әдебиетін байытып қана қоймай, жас ұрпақтың рухани дүниесін қалыптастыруға үлес қосуда.