Жаңалықтар

Көкшетауда түнгі марафон қайғылы аяқталды

Көкшетауда түнгі марафон қайғылы аяқталды

Көкшетауда өткен түнгі марафоннан кейін қайғылы жағдай орын алды. Жарысқа қатысқан 35 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды KazFace.kz @kokshetautoday парақшасына сілтеме жасап.

Ақмола облыстық спорт басқармасының мәліметінше, оқиға 5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өткеннен кейін болған. Жарыс кезінде қатысушының денсаулығы күрт нашарлап,  дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, әйел есін жимастан көз жұмды.

Алдын ала деректер бойынша, марқұмның денсаулығына байланысты шағымдары болмаған және жақсы спорттық дайындықта болған. Қазір нақты өлім себебі анықталуда.

Еске салсақ, кеше Көкшетауда “Көкшетау жалындары” атты түнгі жартылай марафон өтті. Мыңнан астам қатысушы 5,10,21 шақырымды еңсерді.

Дәл осындай қайғылы оқиға осы жылдың   20 сәуірінде  Алматыда өткен марафон кезінде  де орын алған. Екі қазақстандық көз жұмды. Бірі 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади.