Жаңалықтар

Гүлбану Әбенова қазақ тойы туралы ұсынысын жазды

Гүлбану Әбенова қазақ тойы туралы ұсынысын жазды

Журналист Гүлбану Әбенова той өткізудің тиімді жолдарын ұсынып, өзінің парақшасында бөлісті, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.

Әбенова  қазақ халқын ысырапшылдықтан аулақ болып, көрпесіне қарай көсілуге шақырды. Ол қазақтың тойында басты рөл  жас жұбайларда емес, ата-аналарға ауып солардың думанына айналып кетеді деп жазды.

«Көп жағдайда  ұзақ тілек айту жарысы мен бітпейтін конкурстардың кесірінен жастардың өзі шаршап қалады. Отырып-тұрып, “Ванька-встанька” сияқты әуре болады. Жастарға обал. Тілектерді баннер жанында видеоға жазып, кейін экраннан көрсету уақытты да, жүйкені де үнемдейді», – дейді жазбасында.

Журналист тойдағы  артық ысырапқа да қарсы. Түн ортасында  екінші тамақ әкелу тауық, балық  жеу денсаулыққа зиян,  бірінші дастарқаннан кейін би мен шай жеткілікті деген ойымен бөлісті. Тойды 19:00-де бастап, 23:00-де аяқтау керек. Бес сағат  барлық дәстүрді өткізуге жеткілікті деп есептейтінін жазды.

Үлкендерге тойға беретін сыйлығына да жеңілдік болса дейді. Себебін зейнеткерлердің ақшасы сол той жиынынан артылмайтынымен түсіндірді.

Сондай ақ ол  арзан-қымбат, пайдасыз «тойбастар» сыйлықтарының орнына жиналған ақшаны жастардың пәтер алуына жұмсауды жөн көреді. Бұл  олардың жеке тұрып, өз бетінше өмір сүруіне көмектеседі деп ұсынды. 

Журналист қалталы азаматтардың тойындағы дресс-код, дизайнерлік ұлттық киімдер, кәсіби әншілер мен тіпті опера орындаушылар жайлы әсерімен бөлісті.

«Қазақтың тойы  ұлтты біріктіретін үлкен қуаныш. Бірақ әркім өз мүмкіндігіне қарай өткізсін. Біз орташа жағдайлы адамдармыз, бізге де өзімізше әдемі, бірақ ысырапсыз той жасауға болады», – дейді журналист.