Неге әр емханада гематолог отырмайды?

Балнұр ҚОЖАГЕЛДІ
Гематология қан мен қан түзу жүйесінің сырқаттарын зерттейтін, медицинадағы ең күрделі әрі жауапты салалардың бірі. Бұл сала көпшілікке аса таныс болмағанымен, адамның өмірі мен денсаулығында маңызы орасан. Себебі қан аурулары кейде ұзақ уақыт еш белгі бермей, тек асқынған кезде ғана анықталады. Сондықтан ерте диагностика мен алдын алу бұл саладағы басты факторлардың бірі. Kazface.kz тілшісі ҚР ПІБ МО ауруханасының тәжірибелі гематологі Ермек Есжановпен тілдесіп, маңызды сауалдарға нақты жауап алды.
Ермек Ерікұлы, гематолог қандай дерттерді емдейді?
Гематолог жай ғана қан талдауына қарап диагноз қоятын дәрігер емес. Бұл маман қан мен лимфа жүйесінің барлық күрделі ауруларын емдеумен айналысатын маман. Қан айналымындағы ақаулар, жілік майы бұзылыстары, гемофилия, лейкоз, лимфома, миелома секілді ауыр диагноздар біздің тікелей жұмысымыз. Сонымен қатар, біз кейде науқастарды жілік майы трансплантациясына дайындаймыз немесе операциядан кейін ұзақ уақыт бақылауда ұстаймыз. Қысқасы, гематолог жан-жақты білім мен тәжірибені қажет ететін саланың иесі.
Неге гематологтарды қарапайым емханалардан кездестіре бермейміз?
Өте орынды сұрақ. Біріншіден, гематология өте күрделі сала. Бұл жерде биохимия, иммунология, молекулалық биология, онкология сынды ғылымдар тоғысады. Қан ауруын анықтау үшін жай ғана қан талдауы жеткіліксіз молекулалық, генетикалық зерттеулер, заманауи аппараттар қажет. Ал мұндай жабдықтар мен мүмкіндіктер тек ірі клиникаларда ғана бар. Екіншіден, қан аурулары жиі кездесе бермейді. Көп жағдайда анемияны учаскелік терапевт-ақ емдей алады. Ал лейкоз, миелома, тромбоцитопения секілді күрделі аурулар сирек кездеседі әрі ерекше жағдайды қажет етеді. Сондықтан біз сияқты мамандарды көбіне ұлттық орталықтар мен көпбейінді ауруханалардан ғана табуға болады.
Адам ағзасындағы қандай өзгерістер гематологқа қаралу қажеттігін білдіреді?
Ең алдымен, адам өзін күнделікті қалыпты жағдайда сезінбей бастайды. Мысалы, үнемі әлсіздік, себепсіз шаршау, бас айналу бәрі анемияның белгілері болуы мүмкін. Сонымен қатар, терінің бозаруы, жиі көгерулер, мұрыннан немесе қызыл иектен қан кету, ұзақ уақыт түспейтін дене қызуы, лимфа бездерінің үлкеюі, тыныстың тарылуы –бұлар да назардан тыс қалмауы керек. Бұл ағзада қан түзу процесінде ақау бар деген сигнал. Ондайда терапевке бару керек, қажет болса, ол гематологқа жібереді.
Көп адам анемия кезінде дәріханадан темір сатып алып іше салады. Бұл дұрыс па?
Өкінішке қарай, бұл өте кең таралған қате. Анемияның бірнеше түрі бар темір тапшылығынан болатын түрі ғана емес, B12 жетіспеушілігі, фолий қышқылының аздығы, тіпті генетикалық анемиялар бар. Егер себеп анықталмаса, дұрыс ем де болмайды. Ал кей адамдарда ағзада керісінше, темір мөлшері артық болуы мүмкін. Бұл кезде темір дәрісі кері әсер етеді – бауырға, жүрекке зиян келтіреді. Сондықтан тексерусіз ешқандай препарат қабылдауға болмайды. Диагнозды тек дәрігер қоюы тиіс.
Қазір ауруханада қандай жаңа тәсілдер қолданылады?
Заманауи медицина бір орында тұрған жоқ. Біздің ауруханада да соңғы жылдары талай жаңа әдіс енгізілді. Соның бірі – мықын сүйегі қанатының трепанбиопсиясы мен сүйек кемігін пункциялау. Бұл өте дәл диагностика беретін, аз инвазиялық, қауіпсіз әдіс. Осы арқылы біз жілік майының құрылымын зерттеп, нақты диагноз қоямыз.
Сонымен қатар, созылмалы миелопролиферативті аурулары бар науқастармен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Пароксизмальді түнгі гемоглобинурия, антифосфолипидтік синдром сияқты сирек кездесетін диагноздармен де айналысамыз. Бұл дерттер жүктілік кезінде де маңызды рөл атқарады. Сондықтан гематолог әйелдерге жүктілікті жоспарлаудан бастап, босанғанға дейінгі кезеңде де көмектесе алады.
Ермек Есжанов, жан-жақты әрі пайдалы жауабыңыз үшін алғыс білдіреміз. Сізге кәсіби табыс пен мықты денсаулық тілейміз!