Цифрлық шешімдер: бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған кешенді цифрлық экожүйе қалыптасып келеді. Оның негізгі элементтерінің бірі – eGov Business веб-порталы мен мобильді қосымшасы, деп хабарлайды KazFace.kz
2025 жылғы 5 маусымнан бастап қосымшаның desktop-нұсқасы іске қосылды. Платформада қазірдің өзінде 33-тен астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. Қолданушылар саны 73 мыңға жетіп, көрсетілген қызмет көлемі 3,5 миллионнан асты.
Жаңартылған қосымша App Store және Google Play арқылы жүктеуге болады. Онда мемлекеттік қолдау шараларының тізілімі біріктіріліп, кәсіпкерлерге бірыңғай цифрлық кеңістікте толық ақпарат алу мүмкіндігі жасалған. Сонымен бірге, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнеске жаңа нарық табуға көмектесетін маркетплейс құрылуда.
Аграрлық сала да белсенді цифрлануда. «Аграрлық несие корпорациясы» Smart-10, Smart-30, Smart-50 және «Кең дала» онлайн-кредиттеу жүйелерін іске қосты. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке рәсімдеуді небәрі 10 минутта шешуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі сервис енгізді.
Ұлттық экономика министрлігі мен даму институттарының бұл бастамалары бизнес-процестерді ашық, жедел әрі қолжетімді етіп, цифрлық трансформацияны жаңа деңгейге шығаруда.