Бас прокурордың 8 жылға сотталған құдасы 4 айдан соң босап шыққан
Еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловтың 8 жылға сотталған құдасы Бақытбек Иманалиев жазасын 4 ай ғана өтеп босап шыққан, - деп жазады Kazface.kz ақпараттық cайты Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Резерв» РМК филиалдары Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің (ММРК) лауазымды басшылары мен азық-түлік жеткізушілеріне қатысты 6,5 миллиард теңге сомасында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету деректерін анықтайды. Бұл комитет Ұлттық экономика министрлігіне қарайды.
Сол жылдары комитетті Бақытбек Иманалиев басқарған, тергеудің мәліметінше, қымбат тауар атын жамылып, арзан тауарларды сатып алу схемасын сол ұйымдастырған. Салдарынан бюджет 6,5 миллиард теңге шығынға ұшырап, Иманалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылады.
Бірақ ол жазасын жылдам өтеп, 2022 жылдың жазында босап шыққан. Яғни, ақпан айында отырып, маусымда отбасына оралады.
2022 жылдың маусым айында Қапшағай қалалық соты оны ауыр сырқатына байланысты жазасын өтеуден босатқан. Ал бұл ауруды «Хирургия институты» жекеменшік клиникасының кардиология бөлімі анықтапты.
Иманалиев ауруханада 40 күн жатып шыққан. Ақырында, дәрігерлер «жағдайы өте қиын, түрмеде отыра алмайды» деген жайсыз үкім шығарады. Сот бұл үкіммен келісіп, заң рұқсат береді. Осылайша, Берік Ноғайұлының құдасы жазасын 8 жылдың орнына 4-ақ ай өтейді.