Ресей журналисі, тележүргізуші Ксения Собчактың сотталушы Қуандық Бишімбаевтың сотына арнайы келіп, қатысқаны қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Сот процесіне қатысқан журналистер Собчактың ерекше "артықшылықтарға" ие болғанын айтады. Қазақстандық БАҚ бірнеше сағаттап сыртта сот барысын бақыласа, Ксения Собчак – сот залында отыруға орындық ұсынылған БАҚ-тың жалғыз өкілі болды.
Бұл іс-әрекетке күйінген тілшілер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдады.
Ол өз кезегінде ресейлік БАҚ өкілін арнайы шақырмағанын, оның келгенін ақпарат құралдарынан естіп-білгенін жеткізді.
Кейін Собчак өзінің телеграм парақшасында Қазақстанның Жоғарғы сотынан "БАҚ өкілі" ретінде аккредиттелгенін жазды.
Бірақ, Жоғары соттық баспасөз хатшысы Перизат Сәдуақас оның сөзін жоққа шығарды.
-Бұл ашық сот процесі болғандықтан барлық ниет білдіргендер қатысуға мүмкіндігі бар. Собчак БАҚ ретінде емес, қатысушы (посетитель) ретінде қатысты. Оны ешкім шақырған жоқ, өзі бастама білдірді,- деді ол.
Шақырусыз келген Собчактың не ойлағаны бар? Неге қазақстандықтарды аккредитациядан өттім деп алдады?
Ол өз командасының аталған іс туралы "үлкен хикая" (большая история) түсіріп жатқанын хабарлады. Бірақ оны кім қаржыландырып жатқанын айтпады. Тек өзінің "тәуелсіз журналист" ретінде зерттеуі екеніне сендіріп бақты.
Артынша ресейлік журналист сот процесінен қандай әсер алғанын жазды. Собчактың айтуынша, сот процессіндегі соңғы сотталушының телефонындағы бейнежазбалар Бишімбаев қорғаушыларының бір ізділігін бұзды.
-Сотқа көрсетілген бейнежазбалар сотталушы тараптың әу бастағы мотивін, яғни Салтанаттың күйеуіне деген қызғанышын теріске шығарды. Осылайша аталған жайт басқаша көрініс тапты. Мен сот осыны назарға алады деп ойлаймын,-деді Ксения Собчак.
Собчак бұл пікірі арқылы қазақстандық сотқа қысым көрсеткендей.
Айта кету керек, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, сотталушы Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті ретінде ұсталды. Аталған қылмысты іс бойынша 27 наурыздан бастап 17 сот отырысы тікелей эфирде өтті. Бұл оқиғаны қазақстандықтар ғана емес, бүкіл дүниежүзі бақылап отыр.