Мәдени айнасы

«Неткен Әлия» жастарға қандай үлгі көрсетуде?

«Неткен Әлия» жастарға қандай үлгі көрсетуде?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

 

Белгілі журналист Гүлбану Әбенова өз парақшасында Абай Құнанбайұлының музейінде түсірілген блогер Әлия Ашимнің видеосына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazface.kz
 

Әбенова өз жазбасында оқырмандардың сұранысына сай талдау жасап, аталмыш видеоны мәдениет пен тұлғаға деген құрметсіздік деп бағалады. Оның айтуынша, Әлия Ашим музей ішіндегі бөлмелердің бірінде ақын Абай мен жары Ділдәға қатысты екіұшты әзілдер айтып, орынсыз қылықтар көрсеткен.


 

“Бұл тәрбиенің, мәдениеттің, біліктіліктің жетіспеушілігі. Абай қазақ халқының рухани темірқазығы, ол тұрған жер тек мәдени нысан емес, қасиетті орын. Ондай жерде арзан хайп пен фривольділікке жол беруге болмайды,–деп жазды журналист.
 

Сонымен қатар, Әбенова блогердің журналистік біліміне де назар аударды. Оның айтуынша, Әлия Ашим тек Бостон университетінің екі жылдық журналистика курсын ғана тәмамдаған. “Бостон университеті” атауы жиі айтылғанымен, бұл толыққанды академиялық білім емес, қысқа мерзімді курстар ғана. Осыны мысал ете отырып, Әбенова қазіргі кейбір блогерлердің білімін әсірелеп көрсетіп, қоғамға өздерін кәсіби маман ретінде танытуын сынға алды.
 

“Бірнеше модульдік курс өтіп, өзін журналист, режиссер, деректі фильм авторы ретінде ұсынуы бұл да бір маркетингтің түрі. Бірақ мұндай білім мен мәдениет шынайы құрмет пен этиканы алмастыра алмайды, – деді ол.

 

Журналист өз жазбасында Әлия Ашимнің Қазақстандағы бастапқы білімін де зерттеген. 


 

“Іздеп көрсем, өзі Еуразия ұлттық университетін бітіріпті. Қазіргі ректордың кезінде, ол онда 15 жылдан бері өзгеріссіз отыр. Әлбетте, мұндай жағдайда кәсіби кадрлар көп жағдайда кете бастайды. Мен факультет деканы немесе кафедра меңгерушісі кім екенін білмеймін, бірақ журналистикада мүлде жұмыс істемеген, мақала жазбаған адамдар сабақ беруі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, ондай жағдай еліміздегі университеттерде жиі кездеседі.   Әлия  бір сұхбатында америкалық профессордың оны “мигрант из Украины” деп жазғаны үшін түзеткенін таңырқай айтыпты. Бұл журналистикадағы ең қарапайым ережелер. Осыны “жаңалық” етіп айтып, Американы Америкада ашқандай әсер береді. Демек, отандық университет оған бұл негіздерді де үйретпеген. Бұл  біздің білім беру жүйемізге де ой салатын жағдай” , деді ол.
 

Әбенова әлеуметтік желіге салынған мұндай видеолар жастар арасында қате мінез-құлықты қалыптастыруы мүмкін екенін ескертіп, мәдениет пен ұлттық құндылықтар алдындағы жауапкершілікке шақырды.


“Музей бұл күлкілі контент жасайтын емес, ой толғайтын, тағзым ететін жер. Абайдың атымен ойнауға болмайды. Бұл ұлттық символға жасалған құрметсіздік”, – деді Әбенова.


Ол музей басшылығын да бұл мәселеге үнсіз қалмауға шақырып, блогерден ресми кешірім сұрауды және видеоны өшіруді талап етуді ұсынды.


Жазба желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Көпшілік мәдениет пен ұлттық құндылықтарды қорғай білу керектігін қолдап, журналистің пікіріне қосылды.