Жаңалықтар

Журналистер баспаналы болды

Журналистер баспаналы болды

Жадыра МАЖИБАЕВА 

Астанада бірқатар журналистер төл мерекелері қарсаңында баспаналы болды, деп хабарлайды KazFase.kz Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

- Пәтер сертификатына ие болған БАҚ саласының 65 қызметкері елордада жаңадан бой көтерген зәулім үйлердің біріне жуырда қоныстанады. Масс-медиа мамандарының айрықша еңбегін айшықтайтын шара «Дара» президенттік бастамалар қорының және «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен ұйымдастырылды, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Qazcontent» АҚ және «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлеріне пәтер кілтін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды. Сонымен қатар, шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Дара» қорының басшысы Әсел Шілдебаева және «Халық» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүнкеев болып, БАҚ қызметкерлерін құттықтады. 

Айта кету керек, баспаналы болғандар қатары мемелекеттік телеарна мен баспасөзде қызмет атқаратындар. Осыған орай, желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі "Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет журналистер осындай сыйға ие болды" деп қуанса, енді бір қатары "Дұрыс елде журналистика бұлай істемейді" деп наразылық білдірді. 

- Негізі, талай жыл үйсіз жүрген, бүгін баспаналы болған адамдар үшін адам ретінде қуаныштымын. Бірақ есі дұрыс елде журналистика бұлай жұмыс істемейді. Бұл — биліктің пропагандасын жүргізіп, жақсылығын асырып, жамандығын жасырғандарың үшін берілген марапат, - деп жазады журналист Аян Қалмұрат.

Ал, енді бір қатары баспаналы болған 65 қызметкердің тізімі неге жарияланбайтынын айтып, күмәнмен қарауда. 

- Әлгі 65 журналистің аты неге аталмайды? Неге тізімі шықпайды? Президент пен министр өз қалталарынан шығарып берген жоқ қой үйді. Тізім жариялануы тиіс. 65 үй нақты табысталған болса, оны жасырып не керек? Оны ешкім тартып алмайды ғой. Мәселе, ішінде бір гәп бар. Тізім жарияланса, халық наразы болатын есімдер болғасын жарияланбай отыр, - деді желіде Серік Хасенов.