80 жастағы каратэші әже

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Сексеннің сеңгіріне жеткен адамды елестетсек ойымызға таяққа сүйенген қария түседі. Ал, Көкшетаудағы Александра Кәрімжанова осы жасында Қарттар үшін белсенді ұзақ өмір орталығындағы каратэ үйірмесінің ең егде жастағы қатысушысы. Оның сергектігі мен қайраты жас буынға үлгі болып отыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Орталықта жуырда ашылған каратэ секциясына бүгінде 50-ге жуық адам қатысады. Мұнда қариялар қимыл-қозғалыс арқылы бұлшық еттерін шынықтырып, жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтып, бойын сергек ұстайды. Солардың ішінде ең белсендісі әрі үздігі – Александра апа. Ол алғашқы күннен бастап бірде-бір жаттығуды қалдырмаған. Сонымен қатар йога мен өзге де үйірмелерге қатысып жүр.
«Каратэ маған жасарғандай күй сыйлайды. Әр жаттығудан кейін жеңілдеп, қуаттанып қаламын. Бұрын қан қысымым мазалайтын, қазір бәрі қалпына келді. Әсіресе қимылдар жаныма жігер береді», – дейді Александра апа.
Александра апа Еңбекшілдер ауылында дүниеге келген, балалық шағы Щучинскіде өтті. Үйінде бес бала болса, өзі – төртіншісі. Жастайынан спортқа құмар болып, жүгіру, велосипед, волейбол, баскетбол, тіпті асық ойнағанды жақсы көрген. Алайда тұрмыс құрып, отбасы қамымен біраз уақыт спортты ысырып қойған. Қазір ол жеті баланың анасы, 16 немеренің және 15 шөберенің сүйікті әжесі. Көпбалалы анаға «Батыр ана» атағы берілген.
«Бүкіл отбасымыз спортпен байланысты. Бір немерем каратэмен, бірі еркін күреспен айналысады. Біз үшін қозғалыс – өмірдің мәні», – дейді ол.
Қазір Александра апа 15–18 адамдық топпен бірге жаттығады. Олардың ең жасы алпыстан асқан. Ал ең үлкені – осы Александра апа. Бірақ ол өзін ешқашан өзгеше сезінбейді.
«Каратэ қиын емес. Керісінше, жаттығудан кейін көңілім көтеріліп, жеңілдеп қаламын. Бұрын лифтсіз жоғары қабатқа көтерілу қиын еді, қазір 6–7 қабатқа еш қиналмай жаяу шығамын. Кәдімгі адамдар сияқты бәрін жеймін. Бірақ асқазанды ауырлатпаймын, майлы етті көп пайдаланбауға тырысамын», – дейді ол қуанып.
Кейуананың жасы ұлғайса да, арманы таусылар емес. Әсіресе, спорт оның ең үлкен сүйіспеншілігіне айналған.
«Адам армансыз өмір сүрмейді. Қара белбеу алмасам да, қызыл белбеуді алғым келеді. Құрметті замандастарым, үйде отырмаңыздар. Осындай орталықтарға келіп, спортпен айналысыңыздар, әңгімелесіңіздер. Бұл өмірді ұзартады, денсаулықты жақсартады, көңілді сергітеді», – деп кеңес береді Александра Кәрімжанова.
Каратэші әженің өнегесі белсенді әрі бақытты қарттықтың айқын көрінісі. Оның өмірге деген сүйіспеншілігі мен қайсарлығы жастан да, кәріден де жігер алуға мүмкіндік береді. Жасы – кедергі емес, жүректе қуаныш пен рух барда адам бәріне қол жеткізе алады.