Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде олигарх Әблазімов пен Идрисовтың ұлдарының видеосы тарады

Әлеуметтік желіде олигарх Әблазімов пен Идрисовтың ұлдарының видеосы тарады

Видео материалда миллионерлердің ұлдары Алматыдағы караоке-барлардың бірінде қызметкерлерді соққыға жыққаны анық көрінеді.

Оқиға Жаңа жыл қарсаңында 28 желтоқсан күні орын алған. Караоке-бар қызметкері Айнұр Әділбек олигархтардың ұлдары оққағарларымен келгенін айтады.

- Сол күні кешке 9 адам демалуға келді. Оның екеуі өзін Әблазімов пен Идрисовтың ұлдарымыз деп таныстырды. Қалған жетеуі олардың оққағарлары екен. Олар біздің Сатжан деген диджейімізге қоқан-лоқы көрсетті. Кейін барлық қызметкерлерді соққыға жықты. Менің шашымнан сүйреп тепкіледі, - деді Айнұр.

Оқиға орнынан дереу полиция қызметкерлерін шақырған Айнұр олардың салғырттығына таң қалған. Оның айтуынша оққағарлардың бірі өзінің ІІМ-нің куәлігін көрсетіп, оларды қайтарып жіберген. Тіпті, келесі күні келген полиция қызметкерлері ешбір құжатсыз, қысым көрсету арқылы видео жазбаларды алып кеткен.

Ал диджей Сатжанның айтуынша полиция қызметкерлері арызын қабылдамай, сандалтып қойған.

- Сол күні мен қонақтарға кезекпен ән қосып отырдым. Келген қонақтардың бірі оған қалаған әнін қоюды талап етті. Мен келіспей, кезек күтуін өтінген сәтте мені ұрып-жықты. Нәтижесінде мұрным сынып, түрлі жарақаттар алдым. Келесі күні арызымды Бостандық аудандық полициясы қабылдағысы келмеді. Бұл әрекетімнен ешнәрсе шықпайды деді. Прокуратураға дейін барамын деген соң ғана қабылдады. Бірақ қазір іс бір жақты әділетсіз қаралып жатыр, - деп күйінеді Сатжан Даулыбай.

Күні бүгінге дейін олигархтардың қолшоқпарлары Сатжанға қоқан-лоқы көрсетіп келеді. Ал мекеме әкімшілігі караоке-бардың жұмысына кедергі жасалуда екенін айтады.

Еске сала кетейік, Әблазімов пен Идрисов Қазақстандағы ең бай олигархтар. Есімдері "Форбс" журналына енген долларлық миллионерлер.