Маңғыстаудағы жол апатынан 10 адам қаза тапты

ІІМ-нің тапсырмасымен Ұлттық ұланның арнайы ұшағы Маңғыстау облысына жіберілді. Бортта жол апатынан қаза тапқандардың туыстары бар. Олар марқұмдарды тану және қажетті рәсімдерге қатысу үшін жеткізілді, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, осы ұшақ арқылы қаза тапқандардың денелері туған өңірлеріне жеткізіледі.
«Қайтыс болғандардың бесеуі – Қарағанды облысының, біреуі – Астана қаласының тұрғыны. Бұл қадам марқұмдардың туыстарына дер кезінде көмек көрсету, тану, тасымалдау және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру үшін жасалып отыр», – деді ол.
Қайғылы оқиға 11 қыркүйекте Бекет-Ата – Шопан-Ата тас жолында, Сенек ауылынан шамамен 90 шақырым жерде болған. Жолаушыларға лық толы Toyota Hiace шағын автобусы жолдан шығып, аударылып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан 10 адам көз жұмды. Тағы үш жолаушы ауыр жарақат алып, дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Кейін белгілі болғандай, шағын автобустың ішінде Бекет-Ата әулие мешітіне бара жатқан зияратшылар болған. Қазір ІІМ жанынан жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс істеп жатыр