Астанадағы Журналистер аллеясы Қазақстандағы тұңғыш аллея ма?
Алмагүл ТАСТАНОВА
Жуырда Астана қаласында журналистер аллеясы ашылған болатын. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде бірі "бұл елімізде журналистерге ашылған тұңғыш аллея" десе, бірі "журналистердің аллеясы олимпиада сияқты екен, 4 жыл сайын ашылады", "келген әр министр жаңалық қылып аллеяны аша ма?" деп жарыса жазды.
Осы орайда, әр жылдары бір аллея ашылып жатыр ма, әлде елімізде бірнеше аллея бар ма деген сұрақ туындайды.
Бұл сұраққа KazFace.kz тілшісі жауап іздеп көрді. Біздің зерттеуіміз бойынша Журналистер аллеясы осыдан 14 жыл бұрын ашылған болып шықты.
2009 жылы Алматы қаласында Әл-Фараби және Навои көшелерінің қиылысында журналистер аллеясы бой көтерген. Аллея қазақстандық журналист Галина Күзембаеваның құрметіне ашылды. Оған 200-ден астан БАҚ өкілі қатысып, 150-ге жуық көшет отырғызылған.
Дәл осы үрдіс 2011 жылы Астана қаласында жалғасын тапқан. Президенттік саябақта журналистер аллеясы ашылып, оған 50-ден астам тал егілген.
Сондай-ақ 2015 жылы Астана қаласында "Сұлу" тұрғын үй кешенінен ұзақтығы 3 киллометр жерде журналистер аллеясы ашылды. БАҚ өкілдері 150 сиверс алма ағашын, емен, қызыл жемісті шетен, ақ қайың, сібір шыршасы, ақ тал, сүмбіл терек, қызылтал, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 брендіне айналған арнайы гүлбағында дайындалған мамық түзбейтін бальзамдық терек көшеттерін отырғызған.
2019 жылы журналистер аллеясы елордада тағы ашылады. 21 маусымда "Коктем Tower" тұрғын үйінің ауласында аллея бой көтерді. Оған 40-тан астам БАҚ өкілі қатысып, 16 шырша отырғызады.
Сайып келгенде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің Егемен Қазақстан көшесінде ашқан Журналистер аллеясы Қазақстандағы тұңғыш аллея емес. Бірақ бұл аллея бұрынғыдан өзгеше. Мұнда бұрынғыдай тек тал егілмей, стелла орнатылған. Онда Ахмет Байтұрсынұлы мен Шерхан Мұртазаның бейнесі, қазақ басылымдарының атауы қашалған. Сондай-ақ, оқырман, тілші және операторға арнап салынған бөлек мүсіндер бар. Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл аллеяны отандық журналистиканың жылнамасы деп атауға болады.