Дәрігер Асан Ильясұлы сәулелі диагностика шебері

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Дәрігер болу жай ғана мамандық емес, бұл өмірлік миссия. Адам жанына араша болу, дертіне дауа іздеу, нақты диагноз қою үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін іс. Осындай адал еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген дәрігерлердің бірі Асан Ильясұлы Исаев, Степногорск қаласындағы «Limfa Si» медицина орталығының сәулелік диагностика бөлімінің жетекшісі. Біз заманауи диагностиканың алғы шебінде жүрген маманмен тілдесіп, оның еңбек жолы, кәсіби көзқарасы мен адами болмысы жайлы сыр шерткен едік.
Асан Ильясұлы, медицинаға бет бұруыңызға не себеп болды?
Қазір санап отырсам осы салада қызмет істеп жүргеніме 13 жылдан болыпты. Әрине ең алдымен адамдарға көмектескім келді. Жастайымнан адам анатомиясына қызығып, аурудың алдын алу мен анықтаудың маңызын түсіне бастадым. Осы қызығушылық мені 2005 жылы Астана медициналық университетіне алып келді. Ал 2011 жылы оқуымды аяқтап, интернатура мен клиникалық тәжірибеден өтіп, нақты тәжірибеге бет бұрдым. Содан бері осы салада табанды еңбек етіп келемін.
Қазіргі қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.
Қазір мен «Limfa Si» медициналық орталығында сәулелік диагностика бөлімінің жетекшісімін. Біздің бөлімде рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) жүргізіледі. МРТ аппаратын айта кету керек бұл біздің өңірдегі жалғыз құрылғы, сондықтан біз тек Степногорск қаласының емес, сонымен қатар Ақкөл, Біржан Сал, Бұланды, Ерейментау, Шортанды аудандарының да тұрғындарын қабылдаймыз. Біздің орталықта МРТ зерттеулерін контрастпен және онсыз жүргіземіз. Әрбір науқастың жағдайына байланысты жеке тәсіл қолданылады. Ең бастысы диагноздың нақтылығы мен сапасы.
Сіздің бір күніңіз қалай өтеді?
Таңертеңнен кешке дейін науқастарды қабылдаймыз. Әр зерттеу жеке көзқарас пен мұқияттылықты талап етеді. МРТ нәтижелерін сараптау, рентген суреттерін сипаттау, УДЗ жүргізу, қажет болса, өзге бейінді мамандарға жолдау барлығы күнделікті жұмысымның бөлшегі.
Кей кездері науқастар ұзақ уақыт бойы нақты диагноз ала алмай, шаршап келеді. Ал бізде жасалған диагностика олардың жағдайын түсініп, нақты ем бағытын анықтауға көмектеседі. Осындай сәттерде өз ісіңнің пайдалы екенін сезіну үлкен қуаныш.
Еңбек жолыңыз бағаланған шығар?
Иә, жылдар бойғы еңбегім еленіп, әртүрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болдым. Дегенмен мен үшін ең үлкен марапат адамдардың амандығы мен олардың шынайы алғысы. Әрбір «Рақмет, дәрігер!» деген сөз жүрекке қуаныш ұялатады.
Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
Білім тоқтамайды. Медицина күн сайын дамып келеді. Сондықтан үздіксіз оқуға, халықаралық тәжірибелермен танысуға ұмтыламын. Болашақта заманауи диагностиканың жаңа технологияларын енгізіп, өңір медицинасының дамуына үлес қосуды қалаймын.