4 жасар "Калькулятор бала"
Жуырда әлеуметтік желіде Ислам есімді 4 жасар баланың видеосы тараған. Ол есепке жүйріктігімен желі қолданушыларының назарын аударды.
Кішкентай Исламның алып-қосуды жақсы меңгергені соншалық, ол бірде-бір рет мүдірмейді. Тіпті, қиын сандардың қосындысын еш қиындықсыз шығарады.
Ислам Қанатбекұлы Түркістан облысы Шардара ауданына қарасты Егізқұм елді мекеніндегі қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасындағы төртінші перзент, үйдің кенжесі. Әкесінің айтуынша, ұлының есепке қызығушылығы өз атасынан дарыған.
- Ұлымның зеректігі менің әкеме тартқан. Өйткені, Исламның атасы есепті "шемішкеше шағатын" мықты математик болған, - дейді әкесі Қанатбек Сайтмамбетов.
Бүгінде бүлдіршін балабақшаға барады. Бір қызығы Исламның тілі 3 жасында жай шықса да, қатарластарын басып озған. Ауылда оны жерлестері "Калькулятор", "Есеп шығаратын бала" деп атап кеткен.