Грантқа түспек болған түлектер алданды

Астана полицейлері 34 жастағы тұрғынды алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Ол талапкерлерге магистратура мен бакалавриатқа грантқа түсуге көмектесемін деп, ірі көлемде ақша талап еткен.
Күдікті жәбірленушілерді таныстары арқылы тауып, телефон арқылы сенімді түрде «кеңес» беріп, кепілдендірілген оқуға түсуді уәде еткен. Қызметі үшін алдын ала ақша сұрап, қаражатты делдалдар арқылы алып отырған. Кейін ізін суытқан.
Зардап шеккендердің бірі оған 1 миллион теңге бергені белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды.
Полиция гранттардың тек конкурстық негізде берілетінін ескертіп, заңсыз жолмен алуға тырысудың қаржылық шығындармен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де әкелетінін атап өтті.