Сұхбат KazFace.kz

Садақшы Ажар Төлеуқанова: «Ұзатылған кезімде жасауымда садағым мен қорамсам болды»

Садақшы Ажар Төлеуқанова: «Ұзатылған кезімде жасауымда садағым мен қорамсам болды»

Жадыра ЖАЙЛАУБАЙ

Жуырда Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында американдық фотограф Джеймс Нельсон қазақтың садақшы қызы Ажар Төлеуханованың сұлулығына тамсанып, оны модель болуға шақырды, деп хабарлайды KazFace.kz. Фотограф әлемге тайпалар мен байырғы халық өкілдерінің портреттерін түсірумен танымал.

Американдық фотографтың фотосессиясында 

Ал, Ажар Рахметқызы Төлеуқанова аталған көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан күміс жүлдегер, Қазақстан чемпионы, спорт шебері, ШҚО Дәстүрлі садақ ату федерация президенті. Ол дүйім жұртты өзінің сымбатымен ғана емес, садақ атудағы асқан шеберлігімен тәнті етті. Мамандығы бойынша сәулетші-дизайнер Ажар ұлттық спортқа қалай келді? Спортта едәуір жетістікке жеткен оның бір әулеттің үлгілі келіні, аяулы ана екенін бірі білсе, бірі білмейді. Осы орайда редакция тілшісі садақшы қызды әңгімеге тартып, оны басқа қырынан көрсетуге тырысты.

Ең алдымен сәулетші Ажар қалай садақшы болып кетті? Оған не түрткі болды?

Садақ ату жай қызығушылықтан басталды. 2017 жылы ЭКСПО кезінде этноауылда жүріп, апайымның ұлттық киімдерін саттым. Қарама-қарсы жерде садақ атудан тир болды. Саудадан бос уақытымда садақ атып қызықтым. Ол жерде істейтін балалармен достастым. Бұл қызығушылығым маған қатты ұнап, арнайы садақ атуды үйрететін курстар іздей бастадым. Ғаламтордан Юнус Емре түрік орталығының курстарын таптым. Бірақ өкінішке орай курстары аяқталып қойыпты. Келесі жылы тағы болатын шығар деген үмітпен олардың жеке парақшаларына жазылдым. Асыға күткен курсыма 2018 жылы жазылу ашылды. Алғашқылардың бірі болып бірден жазылдым. Сөйтіп түрік стилінде бас бармақпен садақ атуды 3 ай бойы үйрендім. Содан бастап қолымнан садағым түспеді.

Мамандығыңыз бойынша сәулетші-дизайнерсіз. Жалпы мамандық бойынша жұмыс істедіңіз бе?

Иә, әрине істедім. Мектеп бітірген соң арман қуып, Астанадағы жоғары оқу орындарының біріне сәулетші мамандығына түстім. Оқуымды сәтті аяқтаған соң, бірден жұмысқа орналастым. Жұмыспен қатар магистратурада оқыдым. Тіпті, жұмысымды тұрмыс құрып, Өскеменге қоныс аударсам да тастамадым. Басшылығым маған қашықтықта жұмыс істеуге рұқсат берді. Бірақ жуықта 7 жыл бойы істеген сүйікті жұмысыммен қимастықпен қоштастым. Бұрын садақ ату мен үшін хобби болатын болса, енді мен бар көңілімді, уақытымды осы ұлттық спортқа аударуға бел будым. Себебі, жұмыспен қатар, өңірдегі Дәстүрлі садақ ату федерациясының жұмысын, үйірме жұмысын қатар алу қиынға соқты. Сондықтан маған бір бағытты таңдау керек болды. Десе де, дизайнер болғаным федерация жұмысына көп көмегін тигізеді. Жұмысқа керек жарнама, банер дизайны болсын барлығын өзім істеп аламын.

Бір сұқбатыңызда "Мен енеме де, атама да садақ атуды" үйреттім депсіз. Қоғамда ене мен келін мәселесі өзекті ғой. Қайың жұртыңыз сіздің қызығушылығыңызды қалай қабылдады?

2019 жылы тұрмыс құрдым. Екі баланың анасымын. 4 жаста қызым, 2 жаста ұлым бар. 3 енем бар, екі енеммен бірге тұрамын. 3 енем бар дегенім, енемнің енесі үлкен әжеміз бар және ол кісінің туған апайы 83 жастағы апамыз біздің қолымызда. Өте түсінігі мол, әдемі әулетке келін болдым. Құдайға тәуба! 

Ұзатылған кезімде жасауымда садағым мен қорамсам болды. Қайын жұртым менің қызығушылығыма тамсана қарады. Барлығына садақ ату қызықты болды. Тіпті, үйдегілермен, үйге келген қонақтармен нысананы қойып жіберіп, садақ атып жарысатынбыз. Жалпы Шығысқа келін болған оңай, олар келінге жұмсақтау қарайтын сияқты. Олай дейтін себебім, менің анам Катон-Қарағайдың тумасы Қызылордаға келін болды. Ес білгелі анамның қайын жұртқа қызмет жасап, сәлем салғанын көріп өстім. Кейін жеңгелі болғанымда анам өзі ұстанған салтты олардан талап етті. Бұл мен үшін норма болды. Ал мен келін болып түскенде мүлдем басқа әлемге түскендей болдым. Ата-енем мені жақсы көріп, қыздарындай көрді. Мен де оларды жақсы көріп, бірден сіңісіп кеттім әулетке. Тіпті, келін боп түскен соң анама қоңырау шалып: «Апа, сіз мүлдем басқаша ене екенсіз. Менің енем алтын, өте мейірімді!» дегенім бар. Бірақ қыз өсіріп тәрбиелеу де үлкен өнер, дәл қазір осындай жетістікке жетуімнің бір де бір себепкерлері, менің қолдаушыларым, қайсар мінезді бойыма қалыптастырып, дәстүрімізді дәріптеуді үйреткен, махаббаттың нағыз үлгісі Апам мен Көкемнің орны бір бөлек! Бағыма орай, енем де өте ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін мейірімді жан. Мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Балаларды қатты жақсы көреді. Ол балаларды қалай жақсы көрсе, балалар да мамамды солай жақсы көреді. Мен негізі бір үйдің жалғыз ұлына тұрмысқа шығып отырмын. Менің атам да бір үйдің жалғыз ұлы. Сонда мен бір әулеттегі жалғыз ұлдың жалғыз ұлының жұбайымын. Мені қайын жұртым «немере келін», «шөбере келін» деп еркелетіп, жақсы көреді. Жақсы көргенге лайықты болуға тырысамын әрдайым. Жұмыспен үй көрмей кетсем де енелерім балаларыма қарап, қолдап, қолпаштап отырады. Әрбір қазақ қызына менің қайын жұртымдай адамдар кездессін!

«Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді» дейді дана халқымыз. Қызмет пен отбасы тірлігін қатар ұстап, жетістіктерге жету қиын емес пе?

Менің қайын жұртым, жолдасым тұрмыс, үй шаруасы мәселелеріне қарамастан, менің жұмысымды, бастамаларымды өте күшті қолдайды. Ата-енем менен садақ атуды үйреніп, қызығушылық танытты. Атам аздаған уақытта садақ атуды меңгеріп, жақсы нәтиже көрсетті. Соның арқасында ол кісі ШҚО-ның спорт шеберіне үміткер, облыстық садақ атудан құрама команданың мүшесі. Соңғы жарты жылда шыны керек үй көрмей кеттім. Себебі, жарыстарға дайындық, шетелге жарысқа баруым және көшпенділер ойынына келуім барлығы тығыз болып кетті. Осындай кезде алтын енем балаларыма бас көз болып отырды. Өзімнің туғандарым да балаларыма қарасып, қолдау білдірді. Екі жақ ата-анамның осындай қолдауларының арқасында сүйікті ісім кәсібіме айналды, садақ атудан жетістіктерге жетіп отырмын. Өңірде федерация ашуыма да осы ата-енем, жолдасым ықпал етті. Мен федерация президенті болсам, атам менің вице-президентім. Ол федерация жұмыстарын атқаруыма көп көмектеседі. Ал енем болса, жарыс алдында маған қолдау көрсетіп, тілектес боп отырады. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына кеткенімде маған арнаған тілегі:

«Әжөніме!
Сәттілік болып жолдасың, 
Бір Алла,  сені қолдасын! 
Сайысар сәт келгенде
Түзу жетіп, әр жебең,
Нысанаға дөп тисін!
Жасқанба да, тайсалма,
Ұрпағысың батырдың!
Тілеуіңді тілейміз,
Сенім артып, құлыным!
Жүректен шыққан сөзімді,
Келінім, саған  арнадым!
Баламдай жақсы көремін, 
Әр қашанда, әр кезде тілеуіңді тілеймін!
Жеңіске жет, құлыным!»

Сіздің ойыңызша, тұлғаны қалыптастыруда ұлттық құндылықтардың маңызы қандай? Елімізде ұлттық құндылықтар жеткілікті дәрежеде ұлықталып, дәріптеле ме?

Қазіргі таңда халық арасында, ғаламторда, бұқаралық ақпараттарда болсын ұлттық құндылықтар жақсы дәріптеледі. Мен мектеп, студент кезімде ұлттық нақыштағы киізден жасалған шапан, сөмке, кәжекейлер жасап, киіп жүретінмін. Сондықтан мені ортам «Қазақ қызы» деп атап кеткен. Садақ ату жүрегіме жақын болу себебі де осы ұлттық киім кию маңыздылығында. Сол арқылы рухыңды оятатын спорт түрі. Ұлттық құндылықтардың жеткілікті дәрежеде ұлықталып жатуына Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ұйымдастырылуы дәлел десем болады. Қазір ұлттық нақыштағы дайын дүниелер көп, қолжетімді. Бірақ өскелең жастардың ойлауы мүлдем басқа. Мен Өскемен қаласының іргесіндегі біраз орыстанған Глубокое ауданында тұрамын және сонда балаларға арналған садақ ату үйірмем бар. Алғаш ашылған кезде біраз жыл бұрын маған орыс бір қыз бала келді. Садақ атуға қатты қызықты, икемі болды. Бірақ жарыстарға қазақтың ұлттық киімін киеміз дегенімде қарсылық білдіріп, кимейтінін айтты. Оған басқа облыстардан қатысатын өзге ұлттардың балаларының қазақ киіміндегі фотоларын көрсеттім. Бұл ең алдымен ереже екенін ескертіп, қандай әдемі көрініс екенін түсіндірдім. 10 жасында келген қызым қазір 15-тегі бойжеткен, садақ атудан түрлі жарыстардың жеңімпазы, спорт шеберіне үміткер. Өзімен қоса анасын да ұлттық киімімізге қызықтырып, қазір тіпті күнделікті өмірде де киіп жүреді. Жарыстарға арнайылап шапанын тіктіртіп, шашбау, шекелік барлығын тағып шығатын болды.  Осылайша көк көзді қазақ қызым пайда болды. Біз тұрмақ басқа ұлттың жүрегі біздің ұлттық киімге ашылды...

Болашақта дәстүрлі садақ атуды дамытуда қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

Негізі арман-мақсаттарыңды айта беруге болмайды, орындалмай қалады дейді ғой. Бірақ бір сөзбен жалпылай айтсам, Өскемен қаласында және сол өңірлерде садақ ату спортын дамыту. Ең алғашқы болып садақ атуды мен алып келген соң, түсінбеушіліктер болып, қиын жолмен барлығы келіп жатыр. Жаңағы үйірме өткізетін жер табу, адамдардың менталитеті тағысын тағы деген сияқты. Бірақ Құдайға шүкір, барлығы ретімен ақырындап орындалып келеді. Десе де мен бұдан да мықтырақ дамығанын қалаймын. Сол үшін ойлап жүрген бірнеше мақсатым бар. Көшпенділер ойынына қатысуым, жүлде алуым жаңа серпін береді деп ойлаймын.

Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Сізге қажымас қайрат, талмас талап, мұқалмас жігер, қайтпас қажыр тілейміз! Сіз талай қазақ қыздарына үлгі болатыныңызға сенімдіміз.