Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Тамара Александровна Максимованы 100 жас мерейтойымен десантшылар құттықтады, деп хабарлайды KazFace.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы өңірлік гарнизоны Десанттық-шабуылдау әскерлері 61993 және 16194 әскери бөлімдерінің, Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен соғыс балалары кеңесі» ҚҚ өкілдері ардагердің үйіне жиналды.
Құрлық әскерлері әскери институтының оркестрі орындаған әуенмен туған күн иесі вальс биледі.
– Тамара Александровна бұл әсем биді қалай жақсы көретінін білеміз. Осы сәтте сізді ХХ ғасырдағы ең қанды соғыстан өтті деп кім айтады, қаншама қиындыққа қарамай ширақтығыңызды сақтағаныңыз үшін шын жүректен қуанып, таңданамыз, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов.
Тамара Максимованың жастық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Соғыс басталған кезде 9-сыныпты бітірген ол, әскери комиссариатқа келіп, майданға барғысы келетінін айтады. Осылайша Тамара Максимова Волоколамск тас жолындағы госпитальге жіберілді. Алдымен тіркеу бөлімінде жұмыс істеп, содан кейін оқып, медбике болды.
Сөйтіп жас қыз ауыр жараланған жауынгерлерге тәулік бойы күтім жасап, медициналық жәрдем көрсетті. Тамара Александровна үйлеріне хат жазуға мүмкіншіліктері жоқтар үшін хат жазғанын есіне алады. Госпитальде ол болашақ күйеуі Константинді кездестіріп, онымен 2007 жылға дейін бірге бақытты өмір сүрді.
1943 жылы ауыр жарақат алғаннан кейін медбике денсаулығына байланысты жұмыстан шықты. Соғыстан кейін алдына үлкен мақсат қойған қыз экстерн ретінде 10-сыныпты бітіріп, Мәскеу институтының тарих және филология факультетіне оқуға түсті. Кейін диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 16 жыл жұмыс істеді.
Бүгінде Тамара Александровна өзінің жасына қарамастан «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және Соғыс балалары кеңесі» ҚҚ қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ал 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Алматыдан келген ардагер бүкілресейлік «Щит и роза» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды.
Тамара Александровна еңбегі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.