Мәдени айнасы

Күйші Ардаби Мәулет: «Өнер дариды, оны үйреніп алу қиын»

Күйші Ардаби Мәулет: «Өнер дариды, оны үйреніп алу қиын»

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Қазақ өнерінің өткені мен бүгіні жайлы сөз болғанда, бір нәрсе анық: өнер – бұл тек шеберлік пен машық емес, бұл – табиғи қабілет, жанның тылсымынан өрілген қасиет. Күйші, өнертану ғылымдарының PhD докторы Ардаби Мәулет «Өнер – қанмен дариды, оны кейіннен үйреніп, меңгеріп аламын деу – бос әурешілік» деген ойды алға тартады. Оның бұл пікірі бүгінгі қазақ қоғамында баласын өнерге бейімдеп жүрген ата-аналар үшін ой салатын шындық. KazFace.kz тілшісі өнертанушының сұқбатына сүйеніп, өнер саласының дамуына шолу жасады.

Ардаби Мәулет сұқбатында ұстазының сөзіне сүйеніп, қазақ отбасыларының бір қателігіне тоқталады.

«Баланы өнерге берген кезде ата-аналардың көбі "менің балам кімнен кем?" деген ішкі бәсекемен, сыртқы амбициямен жетелейді. Ал шын мәнінде, өнер жүрекпен сезілетін, жанмен ұғынылатын дарын», - дейді ол.

Расында, қазақта «тектіден текті туады» деген ұғым бар. Демек, өнерге де ұждан мен ұрпақ сабақтастығы тұрғысынан қарау қажет. Күйші өз ойын нақтылай келе, шет елде өнер көрсету мен ұлттық аспаптарды насихаттау жөнінде де салмақты пікір айтты.

«Домбыра ең алдымен қазаққа керек. Оны бірінші түсінетін, қадірлейтін, тыңдайтын да өзіміз. Шет елге барып қазақтың атын шығару емес, ең алдымен өзіңнің еліңнің мәдени кеңістігінде өз орныңды табу маңызды», - дейді Ардаби Мәулет.

Ол, тіпті, шет елде оқығысы келетін жастарға да: «барлығы шет елге кетсе, елде кім қалады?» деп қарсы сұрақ қояды.

Бұл пікір, әсіресе, бүгінде балаларын шет елге оқуға жіберуге тырысатын ата-аналарға ой салады. Ардаби Мәулет елде қалып, туған топырақта өнер көрсету – ұлттық болмыстың нағыз көрсеткіші екенін меңзейді.

Қазақстанда дарын иелері шет елде ғана мойындалады деген пікір де жиі айтылады. Алайда Ардаби Мәулет бұл ұстаныммен де келіспейді.

«Нағыз талант бәрібір бір күні жарып шығады. Ол шет елде ме, өз елінде ме ол бір Құдайға ғана аян. Халық бір күні бәрібір мойындайды», - дейді ол.

Күйшінің айтуынша, талантты тұлғаның жолы оңай емес. Өзі де кезінде студенттік өмірдің қиындығын, отбасымен жатақханада тұрған күндерін ашық айтты. Бірақ қиындық – тоқырау емес, алға жылжудың бір кезеңі деп санайды.

Одан бөлек адамның ішкі рухани байлығы театрға барып қойылым көрумен шектелмейтінін айтты.

Ардаби Мәулеттің көзқарасы бойынша, рухани құндылықтар театр мен концертке барумен өлшенбейді. Ол адамның ішкі жан дүниесіне сіңген мәдениеттілік. Нағыз мәдениетті адамнан рухтың иісі шығып тұруы керек деген ойын алға тартты.  Бұл ой бүгінгі жылтыраған форма емес, шынайы мазмұнды аңсаған қоғам үшін маңызды ескерту.

Күйші әрі өнертанушы Ардаби Мәулеттің айтқандары бүгінгі қазақ өнерінің жағдайын ашық әрі шынайы көрсететін ойлар. Ол өнерді таңдауда табиғилықты, отансүйгіштікті және ішкі қабілетті басты шарт ретінде атайды. Сонымен қатар, шет елге кету, шетелдік танымалдыққа ұмтылу ұлттық өнердің мәнін жояды дегенді де дәлелді жеткізеді.

Оның әр сөзі бүгінгі жас өнерпазға, ата-анаға, мәдениет саласындағы басшылар мен саясаткерлерге арналған терең ой.