Қоғам

Ата Заңға 30 жыл: Ел өміріндегі бетбұрыстар

Ата Заңға 30 жыл: Ел өміріндегі бетбұрыстар

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

«Көш түзелмей, ел түзелмес» дана халқымыздың осы бір нақылын еске алсақ, елдің даму бағыты ең алдымен оның заңдық негізіне, құқықтық тәртібіне байланысты. Биыл еліміздің басты құжаты, тәуелсіздігіміздің тірегі болған Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл. Бұл үш онжылдықта еліміз түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік кезеңдерді бастан өткерді. Сол кезеңдерде қоғаммен бірге Конституция да өзгеріп, уақыт талабына сай жаңарды. KazFace.kz тілшісі осы жылдары орын алған өзгерістерге зерттеу жасап көрді. 

Конституция – әр азамат үшін не береді?

Көпшілік Конституцияны тек заңгерлерге арналған құжат деп қабылдайды. Алайда бұл қате түсінік. Негізгі заң әр адамның күнделікті өмірінде кездесетін құқықтық кепілдіктердің қайнар көзі. Қарапайым азамат үшін Конституция оның күнделікті өмірінің заңды кепілі. Мысалы жұмыстағы әділетсіздікке тап болсаңыз конституция қорғайды. Сотқа жүгінгіңіз келсе  заңды жол осы Ата Заңнан басталады. Ал, меншікке немесе пікір айту құқығыңыз шектелсе, тағы  Конституция сіздің жағыңызда. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын, міндетін біліп, Конституцияның не үшін қажет екенін түсінуі ел болашағы үшін аса маңызды.

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция Қазақстанды құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырды. Оның ең басты құндылығы адам және оның құқықтары екенін жақсы білеміз. Конституцияның 1-бабында тайға таңба басқандай: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы  адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.

Яғни, Конституция тек мемлекеттік биліктің жұмыс тәртібін белгілейтін құжат емес, әрбір қазақстандықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, оның құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты қорғаны. Білім алу, еңбек ету, жеке пікір білдіру, кәсіп ашу, әділ сотқа жүгіну бәрі де осы Ата заңда бекітілген құқықтар арқылы жүзеге асып келеді.

Конституцияның мазмұнына тереңірек үңілсек, оны бірнеше ірі бағытқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Адам және азамат құқықтары – Қазақстанда адам құқықтары ең жоғары құндылық ретінде мойындалған. Конституцияның 1-бабында "Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп жазылған.
  2. Билік тармақтарының бөлінісі – Заң шығарушы (парламент), атқарушы (үкімет) және сот билігі (тәуелсіз соттар) нақты ажыратылған және олардың өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі бекітілген.
  3. Мемлекеттік тұтастық пен егемендік – Қазақстанның тәуелсіздігі, шекаралары, мемлекеттік тілі (қазақ тілі), рәміздері мен ұлттық бірлігі Ата Заңда бекітілген.
  4. Саяси құрылым мен басқару формасы – Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет ретінде белгіленген.
  5. Экономикалық негіздер – Жеке меншік пен кәсіпкерлік құқығы, нарықтық қатынастардың дамуы, мемлекет пен халықтың экономикалық өзара қатынасы заңмен айқындалған.

Конституция қалай өзгерді?

1995 жылдан бері Конституцияға бірнеше рет түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер қоғам мен мемлекеттің дамуындағы өзекті сұраныстарға жауап ретінде қабылданды.

2007 жыл – парламенттік жүйені күшейту

  • президент өкілеттігі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды;
  • мәжіліс тек партиялық тізім арқылы сайланатын болды;
  • парламенттің құзыреті кеңейді.

2017 жыл – Билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу

  • президенттің бірқатар өкілеттігі үкімет пен парламентке берілді;
  • бұл өзгеріс «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласын жүзеге асыруға бағытталды.

2022 жыл – «Жаңа Қазақстанға» қадам 

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізілді. Ең маңызды жаңалықтар мыналар:

  • президент тек бір мерзімге (7 жылға) сайланады;
  • конституциялық Сот құрылды; 
  • адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің мәртебесі күшейтілді;
  • өлім жазасы толық жойылды;
  • жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп танылды;
  • президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды.

Бұл реформалар елдегі демократиялық үрдістерді нығайтуға, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға және билікке деген сенімді күшейтуге бағытталған еді. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық өз құқықтары мен міндеттерін білетін, Конституциямен қорғалған тұлға ретінде өмір сүруі тиіс. Өйткені заңды білу  еркін әрі әділетті қоғамның негізі.