Жаңалықтар

Белгілі бүркітші қыз Айшолпанның отбасы Қазақстанға көшіп келді

Белгілі бүркітші қыз Айшолпанның отбасы Қазақстанға көшіп келді

Дильназ МУРЗАГАЛИЕВА

Әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан отбасы Монғолиядан атамекенге оралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Айшолпан Нұрғайып - тек елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша бүркітшілікпен айналысатын ең жас қыз. Монғолияда құсбегілердің отбасында дүниеге келген қазақ қызы Қазақстанға көшіп келіп, Алматыда білім алды. 

Жақында бүркітші қыз жақсы жаңалығымен бөлісіп, ата-анасының да Қазақстанға көшіп келгені туралы айтты. 

"Мен Қазақстандамын, бір аптадай бұрын ата-анам мен бауырларым көшіп келді. Өзім Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 4-ші курста оқып жатырмын. Қазір мамандығым бойынша жұмыс қарастырып жатырмын," - деп бөлісті Айшолпан. 

Бүркітші қыздың отбасы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылына қоныс аударған. 

Айшолпан жоғарғы оқу орнында оқып жатса да, бүркітшілікпен айналысуын жалғастырып жүр. 

"Оқу мен бүркітпен айналысуды қатар алып жүрмін. Аптасына бір рет айналысамын. Жарыстарға қатысып жүрген жоқпын, тек қонақ ретінде барамын. Себебі оқудан қол тимейді," - деді Айшолпан. 

Еске сала кетейік, Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы 13 жасында бүркітшілер жарысында жеңімпаз атанды. Ол жайында ағылшынның «Daily Mail» басылымы да жазды. Ал режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсірді. Айшолпан туралы фильм Оскар сыйлығына да ұсынылды. Фильм әлемнің 30 мемлекетінде көрсетілген. Ал, 2018 жылы Айшолпан Нью-Йорк қаласында "Asia Game Changer" сыйлығын иеленген болатын.