Сұхбат KazFace.kz

Ауыл мұғалімі инстаграмда танылды

Ауыл мұғалімі инстаграмда танылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Бақыт  Бексұлтан 25 жасар ауыл мұғалімі өзінің  күнделікті жұмысы мен өмірін инстаграм желісіне жүктеп, небәрі үш айдың ішінде танымалдылыққа ие болды. Қазір оның инстаграм парақшасына 30 мыңға жуық адам тіркелген. Ол Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Осыдан екі жыл бұрын отбасын  құрған. М.Х.Дулати атындағы университетті қызыл дипломмен  тамамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Төле би ауылындағы  Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясында жұмыс істеп жүр. Kazface.kz тілшісі жас мұғаліммен тілдесіп, шағын сұқбат жүргізді.

Жас ұстаз өзінің көңілді әрі танымды контентімен оқырмандарды тәнті етіп, өзіне баурап алды. Оны мұғалімнің жүктеген видеоларының астына қалдырған пікірлерден сезуге  болады. Оқырмандар «Мектепке қайта барғым келіп кетті», «Ағайға ғашық болдым», «Мұғалім мен балалар арасындағы күшті байланыс байқалады», «Нағыз еңбекқор, қарапайым жігіт», деген жылы сөздерін қалдыруда. Осы ретте Бақыттан әлеуметтік желідегі өмірі жайлы сұрап білдік.  

Бақыт сіз өзіңіздің өміріңізді әлеуметтік желіге жариялап, танымал боламын деген ой болды ма ? Контентті қалай түсіре бастадыңыз?

Менің әпкем Мадина әлеуметтік желіде бұрыннан бері өте белсенді. Танымал блогер десем де болады. Сол кісі маған өзің туралы түсіріп баста деп кеңес берді. Бұл әрине өзіме де ұнайды видео түсіріп, монтаждаған. Күнделікті өмірімді, жұмысымды көрсетемін. Кейде балалармен де видео түсіреміз.  Қазір соңғы уақытта  зорлық зомбылық  және балалардың қатыгездігі көбейіп кеткенін өздеріңізде көріп отырсыздар. Менің барлық видеоларым балалар үшін тәрбиелік мәнге ие. Себебі менің парақшамды барлық оқушылар көреді. Мен осы жазбаларым арқылы балаларға ой салғым келеді. Сосын өзімнің контентімде қазіргі мектеп оқушыларымен жұмыс істеудің қиын тұстарын әзіл түрінде көрсетіп тұрамын. Инстаграм парақшамды жүргізе бастағаныма үш ай болды. Осы аз уақытта миллиондап қаралым жинап, және осыншама оқырмандар маған жазылады деген ой келмеген екен.

Ауылдағы бір күніңіз қалай өтеді?

Таңғы бес жарымда тұрамын. Қыс келгеннен бері алтыда тұрамын. Үйдегі малдарды жайлап, қора қопсыны тазалап, сабағымды орындап,  сөйтіп мектепке таңертеңгі сабаққа келемін. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Менің жұмысым таңертең басталғаннан кешке дейін өтеді. Сол жақтағы барлық жұмыстарымды аяқтап, үйге келемін.  Кешкі уақытта үйдің тірлігі бар және отбасыма көңіл бөлемін.

Сіз неліктен тарих пәні мұғалімі мамандығын таңдадыңыз? Неге ауылды жерде жұмыс істеуге шешім қабылдадыңыз?

Ауылда тұрған өзіме ұнайды. Қазір барлық жастар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Қалаға қыдырып барған жақсы бірақ, ауылдың табиғаты мен табиғи тамақтарына ештеңе жетпейді. Ауылдың тынысы өзіме жағады. Қалалық мектептерге де жұмысқа шақырды. Бірақ өзіме ауыл өмірі қаттырақ ұнағандықтан осында қалуға шешім қабылдадым. Ал, тарих пәніне деген қызығушылығым бұрыннан бері бар. Мектеп кезінде ұстаздарым да себепкер болды десем болады. Өзім тарихи киноларды көргенді жақсы көремін. Үнемі ізденіп, жаңа дүниелерді білген ұнайды.

Ұстаз мамандығы бір орында тұрмай дамып келеді. Сабақ беру әдістері де жаңаруда. Сіз өзіңіз жас маман ретінде бұл жөнінде не айтасыз?

Қазір балаларға сабақты қызықты етіп өткізу үшін түрлі әдістерді қолданамыз. Оларға құр сөзбен айтса еш қызықпайды. Ол мысалғы ойын түрінде өтуі мүмкін. Балаларға әрдайым біздің тараптан мотивация мен қолдау қажет. Оны балалар жақсы көреді. Жасанды интеллект сияқты заманның дамуымен келе жатқан мүмкіндіктерді пайдалу керек деп есептеймін. Балалар білім мен қоса барлық үрдістен де қалмауы керек.

Ұстаз бос уақытында контент түсіруден бөлек әкесімен бірге спортпен шұғылданғанды жақсы көреді екен. Осылайша ол өзінің өмірі мен жұмысына әбден риза екенін жеткізді. Ауылдан көшу ойында да жоқ. Осы жерде балаларды оқытып, жанының қалауымен өмір сүруде.