Мөлдір Доспаева: "Сахнаға қалай құрметпен шықсаң, студияға да дәл солай шығуың керек "
Киім күнделікті өмірде ғана емес, кәсіби салада да үлкен рөл атқарады. Журналистер медиа индустриясының өкілі ретінде, сыртқы келбетіне қарай кәсібилігін көрсететін және жұмысының ерекшеліктері мен талаптарына сәйкес келетін киім стилін таңдауға тырысады. Олардың сырт келбеті телекөрермендердің қаншалықты ақпаратқа назар аударатынына да әсер етеді.
Осы орайда «Хабар» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі Мөлдір Доспаевамен журналистердің сырт келбеті туралы әңгіме өрбіткен едік.
Оның пікірінше, тележурналистердің киім кию үлгісі, сырт келбеті көрермен үшін өте маңызды.
- Көрермен жаңалықтар қарағанда, ең бірінші жаңалық тыңдауы керек. Ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Мысалы, жүргізуші отыр ма, беті қисық па? Мына жері немене? Қал бар ма деген сияқты көрерменнің сұрағы туындамауы тиіс. Өйткені сенің ең бірінші мақсатың – ақпаратты жеткізу, - дейді Мөлдір Доспаева.
Журналистердің киімдері, әдетте, олардың кәсібилігі мен жұмыс этикасын көрсететін бірнеше стиль принциптеріне бағынады. Мысалы: классикалық, офистік, кэжуал, хромо, минимализм, т.б. Тек киім ғана емес, шаш үлгісі, бет әрлеуі, әшекей бұйымына дейін алдын-ала дайындалады. Ол жайлы Мөлдір Доспаева не дейді екен?
- Бізде еңбек келісім шартынан бөлек, тележүргізушілердің протоколы болады. Кәдімгі 10 беттей ережеден тұрады. Соның ішінде шаш үлгісі де бар, қай мезгілге қандай мата киген жөн дегендей. Тіпті матаның түсіне дейін біркелкі болуы керек. Мысалы, ұсақ клетка, линия киюге болмайды. Толықтай аппақ ақ түсті киім киюге де болмайды. Себебі ол камерада «жанып» тұрады. Үлкен сырға тағуға болмайды. Тіпті капрон колготкидің түрлері жеке таңдалады. Макияжға келер болсақ, бізде әр журналистің жеке стилисті болады. Стилист өзі бір макияжды бекітіп береді. Соны ғана жасаймыз. Одан ауытқып кетуге болмайды. Әйтпесе бірінші түсініктеме жазасың, екінші түсініктеме жазғаннан кейін премияңнан айрыласың. Кейбір қыздар стилисттің айтқанына келіспей жатады. Мысалы шашын қию, бояу сияқты. Бірақ құжатқа қол қойғандықтан, айтқанын істеуге тура келеді, - деді тележүргізуші.
Журналист халықтың алдында сөйлеп, ақпарат таратқанда экранның ар жағында отырса да, бұның бәрі ескеріледі. Бұл – халыққа деген құрмет.
Мәселен, бүгінгі таңда ұлттық нақыш пен заманауи стильді қосып кию трендке айналған. Ел алдында жүрген журналистердің ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи стильмен үйлестіруі қаншалықты дұрыс?
- Мейлі ол күнделікті немесе мерекелік костюм, футболка немесе кешкі көйлек болсын, ұлттық нақыштағы киімдеріміз оңай үйлеседі. Ежелден қазақ киімінде халықтың тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерімен қатар салт-дәстүрлері де көрініс тапқан. Қазіргі заманда киім сіздің сүйіспеншілігіңіз бен ұлы этникалық көзқарасыңызды ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Соңғы кездері заманауи стильдегі ұлттық калоритпен киіну етек жайып келеді. Егер қазақ журналист ұл-қыздарымыз қолдап, жаңалықтар немесе тікелей эфир, ток-шоуға киінген кезде осы стильді ұстанатын болса, көріп отырған халқымызда патриоттық сезімін сезініп, күнделікті өмірден ұлттық нақыштағы киім үлгісін ұстанатындар көбейетіні анық, - деп сұхбатты аяқтады.
Журналист тек қана ақпарат таратушы ғана емес, сонымен қатар киімі мен бет әлпеті арқылы көрермендерге үлгі болатып маман иесі екенін ұмытпайық.
Сұхбаттасқан, Балкен АХМЕТОВА