ТЖ кезінде ШОБ шығындарын өтеудің жаңа ережелері бекітілді

Қазақстанда табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне өтемақы төлеудің жаңа тәртібі бекітілді, деп хабарлайды KazFace.kz
Құжатты ҚР премьер-министрінің орынбасары Ұлттық экономика министрі 2025 жылғы 26 қыркүйекте қол қойып, ол 11 қазаннан бастап күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, кәсіпкерлердің шығындарын өтеу өңірлік комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Олар зардап шеккендерді есепке алып, өтініштерді қабылдап, өтемақы көлемін анықтайды. Қажет болған жағдайда істер қосымша сараптамаға жіберіледі.
Өтемақы мүліктің (ғимараттар, автокөлік, жабдықтар), тауарлы-материалдық құндылықтардың және қалпына келтіру жұмыстарының шығындарына төленеді. Алайда заңнамаға сәйкес сақтандырылған мүлік өтемақыға жатпайды.
Кәсіпкерлер өтінішті төтенше жағдай жарияланған күннен бастап 180 күн ішінде тапсыра алады. Ал акиматтар бес жұмыс күні ішінде зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізімін жасап, өтемақы көлемін бекітеді.