Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін кешенді жаңғыртудың нәтижесінде елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жасқа жетті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Саладағы оң өзгерістердің бірі – ана өлімінің 12%-ға, ал сәби өлімінің 11%-ға төмендеуі. Балаларға туған сәтінен бастап төрт түрлі скрининг жүргізілсе, 50 жастан асқан ер азаматтарға инсульт қаупін анықтайтын жаңа тексерулер қолға алынған.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 538 жаңа нысан салынды. Сонымен қатар еліміз жүрек, өкпе және бүйректің үшжақты айқаспалы трансплантациясы сынды күрделі оталарды жасайтын әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына енді.
Биыл медициналық жоғары оқу орындарын 11 600 түлек тәмамдайды. Олардың үштен екісі аймақтарға жолданып, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жоюға үлес қосады.
«Мемлекетіміздің ерекше басымдықтарының бірі – халықтың денсаулығын қорғау. Біздің мақсатымыз – 2029 жылға қарай орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Жыл сайынғы оң динамика осы мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Жауаптылардың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы реформалар жүйелі түрде жалғасын табады.