"ЁбиДоёби" Қазақстаннан кетсін!
Белгілі журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова Қазақстанда ашылған ресейлік "ЁбиДоёби" суши желісінің атауына наразылық танытты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның әлеуметтік желісіндегі бұл жарияланымы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Басым көпшілігі қазақ менталитеті үшін бұл атаудың ерсі екенін алға тартты.
"Боқтап жатқан сияқты емес бақырайтып қойып боқтап тұр ғой", "Жаман үйді қонағы билейді”,- деп бекер айтпаған халық", "Біздегі ономастикалық комиссия осындайды байқамай ма? Басынғандық!", "Қазақтардың Қазақпын деген намысы болса кеудесінде, ол жаққа аттап баспау керек!", - деп пікір жазды оқырмандар.
Тіпті, құзырлы ұйымдарға шағымданайық деп бастау айтты.
"Әділет департаментіне шағымдану керек. Бәріміз жабылып шағымдансақ нәтиже шығады. Қалайша бұл атауды тіркеуге рұқсат берген?!" - деп жазды заңгер Айгүл Орынбек.
Аталған халыкаралық суши желісінің франшизасы жуықта Астана, Алматы, Павлодар қалаларында ашылған. Тағы барлық ірі облыс қалаларында ашылуға ниетті.
Қара пиармен танылған бұл кәсіпорын 2016 жылы ресейлік Константин Зимен мен Дмитрий Прадед екеуінің бастауымен ашылған. Алғашында желі атауы "Имбирный день" деп аталған. Кейін орыс-жапон сөздігін оқыған желінің негізін қалаушылар "ЁбиДоёби" атауына тоқталған. Жапон тілінен аударылғанда "Апта күні-сенбі" деген мағына береді.
Ресейлік жергілікті билік желі атауын балағат сөз деп танып, адамгершілік принциптеріне қайшы деп заңға тартқан. Бірақ соттасу процесі арқылы желі қожайындары шығынға батпай, миллиондап пайда табуда. Себебі сотқа жұмсалған ақша жарнамаға төленетін соммадан аз, әрі соттан кейін түрлі медиалар олар туралы жазу арқылы тегін жарнама көріп отыр. Осылайша атауы арқылы қоғамда резонанс тудырып пайда көруде.
Осы орайда қазақ қоғамы болса, бұл атаудың қазақилығымызға қайшы, өскелең ұрпақтың мәдениетсіздігіне әкеледі деп алаңдауда.
"Шаңыраққа қара дейтін әкімдер жоқ па? Рейсейден келген бизнес Қазақстанға келіп біздің заңға бағыну керек. Бұл қоғамдық жерде қоғамдық тәртіпті бұзу, жастарымызды мәдениетсізділіке итермелеу әрекетіне байқалады. Тез арада тосқауыл қоймаса болмайды",- деді депутат Мұрат Әбенов.
Белгілі журналист Гауһар Керімова бұл желі Қазақстаннан кетсін, не біздің заңға бағынып атауын өзгертсін деп талап қоюда.
Ендігі кезекте бар үмітіміз осы белеңсіздікке жол берген жергілікті билікте. Шырылдаған қоғам белсенділерінің жан айқайы жетіп, мәселе оңынан шешіледі деп сенеміз.