Рақымжан Қошқарбаев ауылында жаңа ФАП ашылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев ауылында көптен күткен қуанышты жаңалық орын алды жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) тұрғындарға есігін айқара ашты. Бұл ауыл медицинасының дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Енді ауыл тұрғындары денсаулығына алаңдамай, сапалы әрі жедел медициналық қызметті өз ауылынан-ақ ала алады, деп хабарлайды KazFace.kz
Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Сондай-ақ аудан әкімі Дулат Сабырғали де көпшіліктің қуанышына ортақтасып, бұл нысанның ауыл өміріндегі маңызын атап өтті.
Жаңа ФАП заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда дәрігерге дейінгі тексеру, егу, таңу, акушерлік көмек көрсету кабинеттері толыққанды жұмыс істейді. Ғимарат ішіндегі санитарлық жағдай да барлық стандарттарға сай. Бұл – әсіресе жүкті әйелдер мен балалар үшін өте маңызды жағдай.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Раушан апа қуанышымен бөлісті:
«Бұрын дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баруға тура келетін. Қар жауса, жол жабылады, кейде күн суық, көлік болмай қиналатынбыз. Енді, міне, бәрі көз алдымызда. Бұл үлкен жақсылық!», - деп қуанышымен ауыл тұрғыны бөлісті.
Жаңа медициналық нысанға ауылдағы жас аналар да қуанышты. Олар жүкті кезде аптасына бір рет УЗИ-ге бару керек еді. Бұрын жолға шығуға қорқатынбыз. Енді бәрі қолжетімді. Дәрігер де, кабинет те, жабдық та бәрі бар. Бұл біз үшін үлкен қолдау деуде.
Фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаның басты мақсаты шалғай ауыл тұрғындарын сапалы әрі уақытылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
«Ауыл адамдары өте қарапайым әрі еңбекқор. Олардың денсаулығына жауапты болу – үлкен міндет. Жаңа ғимарат – біз үшін де, халық үшін де жаңа мүмкіндік», - деді медицина қызметкері.
Жоба алдағы уақытта басқа да ауылдарды қамтып, аймақтарда медицина инфрақұрылымын жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған. Бұл ауылдағы дәрігер тапшылығы, ұзақ жолға тәуелділік және уақытылы көмекке жете алмау секілді көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.