Спорт әлемі

Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайға 30 млн теңгеден табысталды

Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайға 30 млн теңгеден табысталды

Астанадағы спорт басқармасы Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген қазақстандық боксшылар Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайды салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Спорт басқармасының мәліметінше, Санжар Тәшкенбай екінші мәрте әлем чемпионы атанып отыр. Ол осыдан екі жыл бұрын қол жеткізген жетістігін Ливерпуль төрінде 50 келі салмақта қайталап, Қазақстан боксының абыройын асқақтатты.

Ал Айбек Оралбай ел тарихында алғаш рет суперауыр салмақта алтын медаль жеңіп алып, өз есімін спорт шежіресіне алтын әріптермен жазды.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен бірінші орынға тұрақтады.

«Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, керемет нәтиже көрсетті. Олар өз үлгісімен еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің үлкен жетістіктерге апаратынын дәлелдеді», – делінген ресми хабарламада.