Ғылым саласында миллиардтаған заңбұзушылықтар анықталды

Қазақстанның ғылым саласын тексерген мемлекеттік аудит бюджет қаражатын пайдалану кезінде миллиардтаған заңбұзушылықтар мен тиімсіздіктерді анықтады, деп хабарлады KazFace.kz.
Аудит қорытындылары министр Саясат Нұрбек пен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен отырыста қаралды.
Тексеру нәтижесінде стратегиялық жоспарлау, ғылыми институттар жұмысы мен саланы нормативтік реттеуде елеулі олқылықтар бар екені белгілі болды. Мәселен, жалпы қаржыландыру көлемі 219 млрд теңгеге жеткенімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін үлес әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Аудиторлар ғылыми кеңестердің шешім қабылдау рәсімдерінде мүдделер қайшылығы мен жауапкершіліктің болмауын, ғылыми конкурстардың 500 күннен аса кешіктірілгенін, сондай-ақ ғылыми жобалар мен коммерцияландыру қорындағы нәтижесіздіктерді атап өтті.
Жалпы 1,7 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық, 24,2 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және 42,5 млрд теңгеге тиімсіз пайдалану анықталды. Бірқатар материалдар құқық қорғау органдарына жолданбақ.
ЖАП үкіметке, ғылым және жоғары білім министрлігіне және басқа да уәкілетті органдарға жүйелі кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізді.