Мәдени айнасы

Азамат Сатыбалды "Қазақфильм" АҚ-нің президенті болып тағайындалды

Азамат Сатыбалды "Қазақфильм" АҚ-нің президенті болып тағайындалды

Танымал актер Азамат Сатыбалды Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамының президенті лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды KazFace.kz мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Киностудия ұжымына жаңа басшыны мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырған.

"Отандық киноөнердің "қара шаңырағы" саналатын Қазақфильм ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның екінші кезеңін бастау керек",- деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Айта кетейік, Азамат Сатыбалды 2022 жылдың ақпанынан бастап осы уақытқа дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған болатын.

Азамат Сатыбалды 1977 жылы 02 қарашада, Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Т.Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылдың маусым айында Қостанай облыстық қазақ драма театрында артист лауазымынан бастады. 2001 жылдың қарашасынан бастап 2018 жылдың желтоқсанына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет атқарды. 2013 жылдың желтоқсаннан бастап 2018 жылдың тамызына дейін "Қазығұртфильм" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды.

2018 жылдың желтоқсаннан бастап 2022 жылдың ақпанына дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры лауазымын атқарды. Ал 2022 жылдың ақпанынан бастап осы уақытқа дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған болатын.