Жаңалықтар

Сауықтыру лагеріне сау кеткен бала өлімі

Сауықтыру лагеріне сау кеткен бала өлімі

Дарынды балаларға арналған Бурабайдағы "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығына демалуға барған 14 жастағы Нұрдәулет Манап жұмбақ жағдайда көз жұмды. 

Ақтөбе облысы, Хромтаудан сап-сау күйінде баласын лагерьге жіберген ата-ана араға бір күн салып қара жамылып отыр.

11 қаңтар күні таңғы сағат 06.36 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың оқу-сауықтыру орталықтарының бірінің аумағында көз жұмғаны туралы хабарлама келіп түскен. 

"10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні кәмелетке толмаған бала ішінің ауырғанына шағымданған, ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан көз жұмуының сыртқы белгілері табылған жоқ", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Қазір Ақмола полицейлері оқушының өліміне қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.