Ардақ Назаров қайда білім алған?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровтың қайда білім алғанына байланысты әлеуметтік желіде пікірталас өрбіді. Бұл жайында журналист Гүлбану Әбенова Facebook-тегі парақшасында жазып, Ардақ Назаровтың бұрынғы курстастарын іздеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Журналист келтірген деректерге сәйкес, Назаров 2011 жылы, 31 жасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша диплом алған. Сондай-ақ ашық ақпарат көздерінде оның Қазақ көлік және коммуникациялар университетін «Экономика» бағыты бойынша аяқтағаны жазылғанымен, нақты қай жылы оқуды бітіргені көрсетілмеген.
Парламент ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, 2014 жылы Назаров Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Журналист Назаров туралы Уикипедиядағы өмірбаяндық мәліметтердің өзгергенін де атап өтті. Оның сөзінше, кеше ғана бетте білім алған жоғары оқу орындары көрсетілген болса, бүгін бұл абзац мүлде өшіп кеткен. Қазір онлайн энциклопедиядағы деректер бірден спорттық жетістіктерінен басталады.
«Кеше жариялаған жазбамды 17,6 мың адам көрді. Үш оқу орнының бірінде Назаровпен бірге оқығандар болса, пікір қалдыруды сұраймын», – деп жазды Әбенова.