Қоғам
Пресс-релиз

Бірлік негізі: заманауи Қазақстанды дамытудағы патриотизмнің рөлі

Бірлік негізі: заманауи Қазақстанды дамытудағы патриотизмнің рөлі

2026 жылы қабылданған Қазақстанның жаңартылған Конституциясында алғаш рет патриотизм мемлекеттің іргелі қағидаттарының бірі ретінде айқын бекітілді. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды идеологиялық қадам. Құжатта патриотизм тек сезімдік ұғым ретінде емес, нақты әрекетке негізделген «жасампаз» және «жауапты» құндылық ретінде сипатталады. Яғни, Отанға деген сүйіспеншілік енді тек сөзбен емес, адал еңбек, заңға құрмет, азаматтық белсенділік және ел игілігі үшін қызмет ету арқылы өлшенеді. Мұндай тәсіл қоғамның тұтастығын нығайтып, мемлекеттік тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Шекаралар жойылып, жаһандану үдерісі күшейген қазіргі заманда ұлттық бірегейлікті сақтау мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселесі ерекше өзекті. Қазақстан үшін бұл тек идеологиялық ұстаным емес, мемлекеттіліктің берік тірегі. Бүгінде «қазақстандық патриотизм» ұғымы қағаз жүзіндегі норма шеңберінен шығып, нақты іспен дәлелденетін қоғамдық құбылысқа айналып отыр.

Қоғамдық келісім, тұрақтылық және халық игілігі жолындағы даму – еліміздің басты басымдығы. Осы бағытта патриотизм ортақ мақсатқа жұмылдыратын негізгі күшке айналуда. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі де бұл үрдісті растайды: халықтың 65,9 пайызы өз отандастарымен біртұтастықты сезінеді. Көпэтносты қоғамымызға қарамастан, азаматтардың басым бөлігі өзін біртұтас халықтың мүшесі ретінде қабылдайды. Бұл – ел ішіндегі келісім мен өзара құрметтің нақты көрсеткіші.

Респонденттердің бір бөлігі үшін этникалық ерекшелік маңызды болғанымен, ол қоғамдағы бөлінудің емес, керісінше мәдени әртүрліліктің көрінісі. Қазақстандықтар бұл алуандылықты әлсіздік емес, артықшылық ретінде қабылдайды. Соның нәтижесінде елімізде өзара түсіністік пен құрметке негізделген ерекше әлеуметтік орта қалыптасып отыр.

Ел азаматтары Қазақстанның болашағын интеграциямен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 45 пайызы елімізді көпұлтты әрі үштілді қоғам ретінде елестетеді. Бұл – төзімділік деңгейінен әлдеқайда жоғары ұстаным. Яғни, қазақстандықтар әртүрлілікті біріктіруші фактор ретінде қарастырып, ашық әрі үйлесімді қоғам құруға ұмтылады. Мұндай ортада тәрбиеленген ұрпақ диалогқа бейім, жауапкершілігі жоғары және жасампаз болады.

Қазіргі кезеңдегі негізгі бағдарлар – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және ұлттық кодты сақтау. Бұл құндылықтар, әсіресе, жастар үшін маңызды. Себебі дәл осы буын елдің болашағын қалыптастырады. Бүгінде патриотизм тек ұранмен шектелмей, нақты әрекеттер арқылы көрініс табуда.

Соның айқын дәлелі – еріктілер қозғалысының қарқынды дамуы. Мыңдаған қазақстандық ешқандай міндеттеусіз-ақ қоғам игілігі үшін қызмет етіп келеді. Олар көпбалалы отбасыларға, қарттарға, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп, қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек беруде. Бұл – нағыз жауапты әрі шынайы патриотизмнің үлгісі.

Волонтерлік қызметтің ауқымы кең: медицина саласына қолдау көрсетуден бастап, тікелей әлеуметтік көмек көрсетуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы да белсенділік танытып, қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қосуда. Бұл бастамалар азаматтардың ел алдындағы жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.

Қорытындылай келе, қазіргі қазақстандық патриотизм – бұл өміршең әрі дамып келе жатқан құбылыс. Ол Конституцияда бекітіліп қана қоймай, қоғам тарапынан кең қолдау тауып, нақты істер арқылы дәлелденуде. Бұл – дабыра мен ұранды қажет етпейтін, елдің өркендеуіне шынайы үлес қосуға негізделген саналы таңдау. Осындай патриотизм ғана Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі бола алады.