Қостанай облысында мектеп дезинфекция үшін уақытша жабылды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қостанай облысы Боровское ауылындағы Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназия уақытша жабылып, ғимаратта туберкулезге қарсы дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Тексеріс мектеп асханасында бұрын туберкулезден ем қабылдаған әйелдің жұмыс істегені туралы ақпараттан кейін басталған. Осы жағдай жергілікті тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды.
Қостанай облысының білім басқармасы мәліметінше, аталған әйел мектеп қызметкері болмаған және тамақ жеткізуші компаниямен ресми еңбек қатынасы болмаған. Қазіргі уақытта оның жұмысқа қалай жіберілгені анықталып, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Белгілі болғандай, әйел бірнеше жыл бұрын туберкулезден толық емделген және мерзімді түрде медициналық тексеруден өтіп отырған. Соған қарамастан мектепте санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ғимаратта толық дезинфекция жүргізілуде.
Қазіргі уақытта оқушылар уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. Мектеп ғимаратында қосымша санитарлық-эпидемиологиялық тексеру мен зертханалық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ білім бөлімі ата-аналармен арнайы кездесу өткізіп, жиынға дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берген. Оқушылар апта соңына дейін қашықтан оқуды жалғастырады.