Билік

Жаңа парламент «Құрылтай» деп аталады

Жаңа парламент «Құрылтай» деп аталады

Жұлдыз ОРАЗХАН

Ұлттық құрылтайдың V отырысында президент жаңа парламентті «Құрылтай» деп атау туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Сонымен қатар, жаңа бір палаталы парламентте 145 депутат болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ оның құрамында 8 комитетке дейін құрылуы мүмкін. Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болуы да қарастырылуда.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұндай өзгерістер халық тарапынан қолдау табуда.

«Бір палаталы парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады», – деді президент.

Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесті. Халық осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын білдірген.

Президенттің айтуынша, жаңа парламенттің басты мақсаты – тиімді, кәсіби және халыққа жақын заң шығару органы құру.

«Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби парламент құру. Ең бастысы, парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, президент бұл бастаманың тарихи мәнін атап өтті:

«Қысқаша айтқанда, құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа парламенттік реформа Қазақстан парламенттік құрылымының тиімділігін арттыруға және заң шығару процесін оңтайландыруға бағытталған.