Қостанайда полиция қызметкерін ұрғандарға қатысты іс қозғалды
Қостанай қаласында полиция қызметкеріне жасалған шабуылға қатысты іс қайта сараланып, күшейтілді. Үш күдікті екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (өмірге қауіпті емес күш қолдану) бойынша тергелген. Кейін құқық қорғау органдары істің саралануын өзгертіп, оны ауырлатты.
“Қылмыстық құқық бұзушылық ҚР ҚК 380-бабы 6-бөлігі 4-тармағы (өмір мен денсаулыққа қауіпті әрекеттер) бойынша қайта сараланды. Бұл бап 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді”, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Зардап шеккен – 39 жастағы полиция қызметкері Руслан Казиев. Оқиға болған күні ол қызметте болмаған, балаларымен бірге аулада жүрген. Сол сәтте өзін агрессивті ұстаған бір топ ер адамға ескерту жасаған. Алайда олар полицейге жабылып, соққыға жыққан.
Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты мен көптеген дене жарақаттарын диагностикалаған. Қазіргі уақытта ол полиция қызметкерлеріне арналған госпитальда ем қабылдап жатыр.
“Басымның ауыруы әлі басылмай тұр, тіпті күшейді. Ем қабылдап жатырмын: жүйе, екпе, дәрілер алып жатырмын”, – деді зардап шеккен қызметкер.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде полиция қызметкерін ұрып жатқан видео тарап кетті. Кадрларда бір топ адамның жерде жатқан полицейді аяусыз ұрып жатқанын, ал бұл жағдайды оның балаларының көріп тұрғанын байқауға болады. Қазіргі таңда барлық күдіктілер анықталып, қылмыстық іс қозғалды.