Интернет-наркобизнес жойылды: 17 жылға дейін жаза
Жұлдыз ОРАЗХАН
Ақтөбе облысында интернет арқылы психотроптық заттарды таратумен айналысқан «Qymyz shop» атты ірі қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Операция прокуратура, полиция және экономикалық тергеп-тексеру органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты.
Қылмыстық схема «Telegram» мессенджері арқылы «контактісіз сату» тәсілімен жүргізілген. Тапсырыстар онлайн қабылданып, төлемдер жалған тұлғалардың банк карталары арқылы жүзеге асырылған.
Тергеу барысында еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Астана қаласында, 6 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 10 килограмнан астам психотроптық зат тәркіленді.
2026 жылғы 17 наурызда сот үкімімен барлық айыпталушылар кінәлі деп танылып, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, мыңдаған банк шоты бұғатталып, есірткі жарнамасына қатысты жүздеген интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді.
Өңірде алдын алу шаралары да күшейтілген: дәрістер мен кездесулер өткізіліп, наркомагазиндерді жарнамалайтын граффити жазбалар жойылуда.