Қоғам

54 жылдық сағыныш: Ағайындылар қауышты

54 жылдық сағыныш: Ағайындылар қауышты

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Тағдыр тосқауылдарына қарамастан, 54 жыл бойы іздеумен өткен өмір жолы Жетпісбай Қасмұхановты туған інісі Аманбекпен қауыштырды. Бұл – үміттің, туыстық махаббаттың және адам тағдырының терең драмасын баяндайтын, жүректі елжіретер оқиға, деп хабарлайды KazFace.kz Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Ағайындылардың өмірі аналары қайтыс болғаннан кейін күрт өзгерді. Тоғыз жасар Жетпісбай мен үш жасар Аманбек балалар үйіне жіберіледі. Бұл оқиға Жетпісбайдың жадында мәңгі сақталып қалды. 

«Әкеміз ауыр науқастанып, ауруханада жатты. Мен тоғыз жаста едім, бәрін анық есімде сақтадым, ал Аманбек үш жаста болатын», – деп еске алады ол көзіне жас алып.

Денсаулығына байланысты кішкентай Аманбек басқа мекемеге ауыстырылып, кейін Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына түседі. Содан бері Аманбек өмірінің 47 жылын осы орталықта өткізген екен.

Жетпісбай балалар үйінен үш жылдан кейін қашып шығып, туыстарының қолында тұрады. Ол інісі мен қарындасын да балалар үйінен алып шыққан. Уақыт өте келе әскерге барып, отбасын құрған, үш баласы бар. Алайда, туған інісі Аманбекті табу арманы оны ешқашан тастамады.

«Өмір бойы көлікті тізгіндеп жүріп, бір күні жолда інімді кездестіріп қалармын деп үміттенетінмін. Бұл менің арманым еді», – дейді Жетпісбай.

Ол інісін іздеу үшін «Жди меня» бағдарламасына да жүгінген, бірақ алаяқтардың құрбаны болып, өзін Аманбектің ұлымын деп таныстырған адамдарға сеніп қалған кездері де болған. Дегенмен, Жетпісбай Батыс Қазақстан өңірін түгелге жуық аралап, іздеуді тоқтатпайды.

Орталық басшылығының айтуынша, жылдар бойы туғандары Аманбекті іздеген, бірақ тектерінің өзгертілуіне байланысты табу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда Аманбек әрекетке қабілетсіз деп танылған, оның заңды қамқоршысы – мекеме басшысы. Сондықтан Жетпісбайға інісін өз қамқорлығына алу үшін алдымен қамқоршылық рәсімдерін ресімдеп, арнайы комиссияның шешімін күтуі қажет.

Бұл іздеуге Жетпісбайдың екінші жұбайының үлесі зор болды. Медицина саласында жұмыс істейтін жары Damumed жүйесі арқылы Аманбектің іздегіне түседі. Мекеме басшысымен байланыс орнатқан соң, Жетпісбай келесі күні-ақ Оралға жетеді.

Алғашқы кездесуде ағайындылардың қуанышында шек болмады. 54 жыл бойы сағынышпен өткен өмірдегі бұл сәт олар үшін ерекше маңызды болды. Енді Жетпісбай барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, туған інісін өз үйіне алып кетуді көздеп отыр. Ол қалған өмірін бауырымен бірге өткізгісі келетінін айтады.