Ақмола облысының ауыл мұғалімі «Қазақстан ғылымындағы әйелдер» виртуалды галереясына енді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Оқжетпес ауылының химия және биология пәндерінің мұғалімі, педагог-шебер, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Гүлнара Сейітова «Қазақстан ғылымындағы әйелдер» атты виртуалды галереяға енген білім саласындағы көрнекті зерттеуші әйелдердің қатарына қосылды. Қазіргі уақытта ол осы беделді жобаға есімі енгізілген Ақмола облысының жалғыз өкілі.
Ауыл мұғалімі үшін бұл жетістік көп жылғы еңбектің және мамандығына деген адалдықтың мойындалуы. Ұстаздың айтуынша, бұл жаңалық өзі үшін күтпеген жағдай болған.
«Шынымды айтсам, бастапқыда бұл жаңалыққа аса мән бермедім. Бұл Жаңа жыл қарсаңында болған еді. Маған құжаттарымды жіберуді ұсынды, қажетті мәліметтерді жолдадым да, кейін оны ұмытып кеттім. Кейін галереяға енгізілгенімді естідім», – дейді Гүлнара Сейітова.
Бүгінде ол Оқжетпес ауылындағы мектепте қызмет атқарып, 28 жылдан бері химия мен биология пәндерінен сабақ беріп келеді. Ұстаз шәкірттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, оларды зерттеу жұмыстарына баулып жүр. Айта кетерлігі, оның педагогикалық жолы бірден басталмаған. Гүлнара Байтасқызы алғашында ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, 10 жыл бойы жылыжай комбинатында еңбек еткен. Кейін мектепке педагогикалық білімі болмаса да жұмысқа қабылданып, басшылық оның қабілетін бірден байқаған.
«Мен негізі мұғалім болуды жоспарлаған жоқпын. Бірақ мектепке жұмысқа қабылдап, бірден бітіруші сыныпқа сынып жетекшілігін және химия мен биология пәндерін сеніп тапсырды. Кейін мектеп директоры алғашқы күннен-ақ менің нағыз ұстаз екенімді түсінгенін айтқан еді», – деп еске алады ол.
Педагогтың айтуынша, оқушылармен бірге ғылыми жобалармен жүйелі айналысуы оның кандидатурасының галереяға ұсынылуына ықпал еткен.
«Мен ғылыми жұмысты өте жақсы көремін. Өзім де айналысамын, оқушылармен де бірге жұмыс істейміз. Біз үнемі олимпиадаларға, түрлі байқаулар мен ғылыми жобаларға қатысамыз. Мысалы, екі жыл бұрын менің оқушым республикалық ғылыми жобалар байқауында бірінші орын алды», – дейді ұстаз.
Гүлнара Сейітова ғылыми-әдістемелік бағытта да белсенді еңбек етуде. Ол оқыту үдерісіне зерттеу және тәжірибелік әдістерді енгізіп, ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы атанған. Сонымен қатар авторлық білім беру бағдарламасын әзірлеген. Педагог республикалық білім беру эксперименттеріне, соның ішінде 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу жобасына қатысқан. Сондай-ақ Экология, инженерия және педагогика халықаралық ғылым академиясының мүшесі болып табылады.
Ұстаздың кәсіби жетістіктері жоғары деңгейде бағаланған. 2024 жылы ол «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, 2025 жылы «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
Көптеген марапаттарға қарамастан, мұғалім өз жұмысының ең үлкен нәтижесі ретінде шәкірттерінің жетістігін атайды.
«Талантты ұстаз – талантты шәкірт тәрбиелейді. Мен үшін балалардың тек тыңдап қана қоймай, өздері ізденіп, зерттеп, ойланғаны маңызды», – дейді педагог.
Қазіргі таңда Гүлнара Сейітова ғылыми бағыттағы жұмысын жалғастырып, алдағы уақытта жаңа мақсаттар қойып отыр.
«Оқушыларымның халықаралық ғылыми байқауларда бақ сынағанын қалаймын», – деп түйіндеді ұстаз.