Әлем жаңалықтары

Австралияда балалардың әлеуметтік желідегі шектеуі тексерілуде

Австралияда балалардың әлеуметтік желідегі  шектеуі тексерілуде

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Австралияда ірі IT-компанияларға қарсы тергеу басталды. Билік Meta, TikTok және Google компанияларын 16 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік желілерге тыйымды толық сақтамады деп күдіктеніп отыр, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Аталған шектеу 2025 жылдың желтоқсан айында күшіне енген. Заңға сәйкес, платформалар кәмелетке толмағандардың аккаунт тіркеуіне және әлеуметтік желілерді қолдануына жол бермеуі тиіс.

Алайда үш айдан кейін жүргізілген тексеріс нәтижесі талаптардың толық орындалмай отырғанын көрсетті. 900-ге жуық ата-ана қатысқан сауалнамаға сәйкес, балалардың шамамен 31%-ы әлі де әлеуметтік желілерде тіркелген. Заң қабылданғанға дейін бұл көрсеткіш 50%-ға жуық болған.

Әсіресе бұрыннан әлеуметтік желі қолданған жасөспірімдер арасында жағдай айтарлықтай өзгермеген. Олардың шамамен 70%-ы аккаунттарын сақтап қалған.

Австралияның байланыс министрі Аника Уэллс компаниялар заң талаптарын орындауда тек «минималды әрекет» жасап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, елде жұмыс істегісі келетін барлық компаниялар ұлттық заңдарға бағынуы тиіс.

Билік өкілдері жас ерекшелігін тексеру жүйелерінің тиімділігі төмен екенін атап өтті. Мысалы, бет-әлпетті тану технологиялары жиі қателеседі, ал кей жағдайда балалар тексеруден бірнеше рет өтіп көру арқылы жүйені айналып өтеді. Бұдан бөлек, кейбір платформаларда жасын растау талабы мүлде жоқ.

Meta компаниясы заң талаптарын сақтап отырғанын мәлімдегенімен, интернетте пайдаланушының нақты жасын анықтау қиын екенін атап өтті. Сондай-ақ компания жауапкершілікті қосымшалар дүкендері мен операциялық жүйелерге де бөлу қажет деп санайды. Ал TikTok пен Google әзірге бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеген.

Заң талаптарын бұзған компанияларға 49,5 миллион австралиялық долларға дейін (шамамен 16,8 млрд теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Сарапшылар кәмелетке толмағандардың аккаунттарын тіркеуге тыйым салу және бақылауды күшейту жолдарын қарастыруда.