Ақмола облысында электронды кезек енгізілді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау, қоғамдағы инклюзияны дамыту және мүмкіндігі шектеулі жандарға құрметпен қарау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы ретте Ақмола облысында маңызды бастама жүзеге асырылып, медико-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту кезінде электронды кезек жүйесінің пилоттық жобасы алғаш рет іске қосылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жоба Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Оның негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету және сапасын жақсарту.
Бүгінде Ақмола облысында 30 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Олар үшін мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін анықтау және әлеуметтік қолдау шараларын алу өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды үдеріс.
2025 жылдың қараша айынан бастап өңірде МӘС-тен көзбе көз өту үшін электронды кезек жүйесі пилоттық режимде енгізілді. Енді қызмет алушылар үйден шықпай-ақ әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдап, алдын ала жазыла алады. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі азаматтар үшін үлкен қолайлылық береді.
Қазіргі таңда жоба облыс бойынша очно көрсетілетін қызметтердің шамамен 40 пайызын қамтиды. Сонымен қатар дәстүрлі «тірі кезек» тәртібі де сақталған. Бұл жүйені біртіндеп енгізіп, барлық санаттағы азаматтардың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл жоба МӘС жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады. Бүгінде сырттай-проактивті формат та кеңінен енгізіліп, азаматтардың құжаттары электронды түрде қаралуда.
Облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау саласының мамандары пилоттық жоба нәтижесінде қызмет сапасына деген халықтың қанағаттану деңгейі артып, күту уақыты қысқарады деп сенім білдіруде.
Олардың айтуынша қызмет көрсету жүйесі адамға бағытталған, ыңғайлы форматқа көшеді. Яғни кедергісіз орта қалыптастыруға нақты қадам жасалады деп күтуде.
Жоба оң нәтижесін көрсеткен жағдайда, оны кезең-кезеңімен кеңейтіп, толықтай электронды кезек жүйесіне көшу жоспарланып отыр.
Мұндай бастамалар тек цифрлық жаңғырту ғана емес, сонымен қатар қоғамда әрбір азаматқа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндік беруге және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасаудың нақты үлгісі.