Ерлікпен қаза тапқан фельдшерге туған жерінде ескерткіш тақта орнатылды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Үтіртөбе ауылында Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның рухына тағзым жасалды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Ауыл амбулаториясының ғимаратына оның есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды.
Марқұм Ұлдана Мырзуан жедел медициналық көмек көрсету барысында ерлік танытып, кәсіби борышына адалдықтың үлгісін көрсетті. Ескерткіш тақтада оның Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны атап өтілген.
Салтанатты шараға ауыл тұрғындары, әріптестері мен туыстары қатысып, батыр қыздың ерлігі еске алынды. Жиналғандар оның адам өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлы еңбегі мен батылдығын ерекше атап өтті.
Ауылдастарының айтуынша, Ұлдана Мырзуан өз ісіне берілген, мейірімді әрі жауапкершілігі жоғары маман болған. Оның есімі туған жерінде мәңгілікке ұлықталып, жас мамандарға үлгі болмақ.