Әділ Балтабаев: әншіліктен Конституциялық комиссия мүшелігіне дейін
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Журналист, «President» арнайы жобасының авторы әрі жүргізушісі Әділ Балтабаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына енді. Бұл жаңалық әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғамда қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы Балтабаев өзі жеке парақшасында жазды.
«Бұл – сенімнің жаңа деңгейі. Қалай қабылдарымды да білмеймін. Бірақ үмітті ақтау үшін барымды саламын», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия құрамына 100-ден астам адам енген. Олардың арасында мемлекеттік органдар өкілдері, сарапшылар, өңірлер мен азаматтық сектор мүшелері бар. Комиссияда Ерлан Қарин, Аида Балаева сияқты жоғары лауазымды тұлғалар да бар.
Алайда қоғам назарын аудартқан басты мәселе – жас журналистің Ата заңға қатысты комиссияға қосылуы. Әсіресе Threads желісінде бұл шешімге күмәнмен қарағандар көп. Оқырмандардың бір бөлігі Балтабаевтың Конституция секілді іргелі құжатқа нақты үлес қоса алатынына сенбейтінін ашық жазуда.
"Мұндай істерге социологтар, саясаттанушылар, экономистер керек, бірақ журналистер емес.
Журналист Конституцияға не жаза алады? Мен бухгалтермін, онда мен де бірнеше жол қоса алайын! Заңдарды қайта-қайта өзгерте беруді тоқтатайық.
Оны жай блогер немесе мобилограф деп ойлайтындар, алдымен өмірбаянын зерттеңдер.
Бауырым, құтты болсын! Қуаныштымын. Бірақ не себепті елдің, жердің, халықтың мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсенділерін осы кеңес құрамына қоспайды?" -, деп пікірлерін қалдыруда.
Әділ Балтабаев деген кім?
Әділ Балтабаев - 1994 жылы дүниеге келген. Ол Еуразия ұлттық университетінде «екі шетел тілі» мамандығы бойынша, ал «Тұран–Астана» университетінде «құқықтану» бағыты бойынша білім алған.
Еңбек жолын ақпарат комитетінде бастап, кейін денсаулық сақтау министрлігінде және бірқатар салалық құрылымдарда қызмет атқарған. Сондай-ақ Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасында басшылық қызметтерде болған.
Алайда ол журналистика саласына тек 2020 жылдан бастап келген. Осы себепті әлеуметтік желі қолданушылары оның бұл бағыттағы тәжірибесі әлі де шектеулі екенін атап өтуде. Оқырмандар пікірінше, Конституция секілді елдің негізгі құжаты терең құқықтық, саяси және институционалдық дайындықты талап етеді.
Әділ Балтабаев 2019 жылы «Жас Қанат» сыйлығының қола жүлдесін иеленген. 2023 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында марапаттап, грант тағайындаған.
Қазіргі таңда ол президенттің қатысуымен өтетін іс-шаралардан репортаж жасап, жоғары лауазымды тұлғалармен сұхбаттар жүргізеді.